3.2 Дағдарыстың себебін өркениеттер дамуының кезеңдік тұжырымдамасымен түсіндіру

Дағдарыс қаншалықты терең болғанымен, одан сытылып шығудың жолдарын табуға әр қышан да мүмкіндік болды, қазір де бар. Демек, қазақ тілінің қазіргі күйін көріп, салды суға кетіріп, түңілу түнегіне түнеудің қажеті жоқ. Лабиринт қандай шытырман болса да, Ариадна жібі табылады. Заманауи философия мен өзге қоғамдық ғылымдардың жеткен жетістіктеріне сүйене отырып, қазақ тілінің айналасында қалыптасқан құбылыстың ғылыми дәйекті сипаттамасын алуға болады.

Қазіргі қазақ тілінің дағдарысының түпкілікті себебін алдыңғы қатарлы қоғамдар дамудың индустриялы басқышына өтіп кеткенде, қазақтардың аграрлы басқышта қалып қоюынан, соның салдарынан, өз ішінде әлеуметтік және тілдік белгілері бойынша бөлініп түсіп, ұлттың рухани екідай күйге ұшырауынан іздестіру керек. Былайша айтқанда, халықтың орыстілді бөлігі индустриялы қоғамда, қазақ тілді бөлігі аграрлы қоғамда өмір сүріп жатыр. Бұл халықтың әлеуметтік-экономикалық формация деңгейіндегі артта қалуының көрінісі болып табылады.

Бұл тезис тереңірек интерпретация жасауды қажет етеді.

Дүниежүзілік тарихта қоғамдардың түрлі параметрлер мен белгілер бойынша жіктелуі болып жатады. Солардың ішінде халықтардың дінге (исламдық немесе христиандық) немесе өркениетке қатысы (Шығыстық немесе Батыстық) немесе экономикалық-формациялық сипаттамалары (аграрлы немесе индустриялы) жағынан жіктелулері орын алған. Жіктелген қоғамдар арасында немесе қоғамның өз ішіндегі әлеуметтік топтар арасында қақтығыстардың болып тұруы заңдылыққа айналған.

Өркениеттер және олардың арасындағы қақтығыстар мәселлері Батыс философиясында кең және ауқымды зерттелген. Солардың ішінде бұл тақырыпты кеңінен қозғағандардың бірі ағылшын философы А. Тойнби болды. Қазіргі замандық философтардың басым көпшілігі С. Хантингтонның тұжырымымен келіседі және ол ұсынған омырылу сызығын, елдер тобының жіктелу ұстанымын қуаттайды [қараңыз: 59: 243-245].

С. Хантингтонның өркениеттердің омырылуы (ор: цивилизационный разлом – Қ.Ж.) теориясы бойынша омырылу сызығының бір жағында латын және герман тобындағы тілдерде жасалған, адам еркіндігін алға шығаратын құндылықтарды ұстанатын, католицизмнің айналасына топтасқан өркениеттер, екінші жағында – православие және мұсылман діндерін ұстанатын, адам құқығын толық мойындамайтын елдер тұр. Қазіргі геосаси кеңістікте болып жатқан қақтығыстар, негізінен, осы омырылу сызығының екі жағындағы қоғамдар арасындағы түсініспеушіліктен туындап отыр.

Америкалық зерттеуші Э. Тоффлер ХХ ғасырдың ортасында жазған кең таралған еңбегінде дүние жүзі елдерін әлеуметтік-экономикалық даму жағынан екіге бөліп қарастырған болатын. Ол былай жазды: «Жердегі адамдар өмір сүріп жатқан уақыты бойынша жіктеледі. Көптеген жағдайларда олар бұдан бір ғасыр бұрынғы аталары сияқты өмір сүреді. Бұлар өткеннің адамдары, жер тұрғындарының 70 %-ын құрайды. 25 %-дан астамы дамыған өнеркәсіпті елдерде тұрады. Олар заманауи өмір сүреді. Олар қазіргі күннің адамдары» [60: 50].

Омырылу бір елдің өз ішінде де болып жатады. Оған Ресей зиялыларының жіктелуі айшықты мысал бола алады. Ресейде елдің даму бағытын айқындаудың батысшылдық және славяншылдық екі парадигмасының өмір сүріп келе жатқаны белгілі. Соңғы мың жыл бойы орыс зиялылары аталған бағыттар бойынша бөлініп түсіп, ішкі рухани жіктелуді бастан кешіріп келеді. «Қырғи қабақ соғыстан кейін батысшылдар мен славяншылдар арасындағы классикалық күрес қайта жанданып, Ресей қайтадан «жыртылған елге» айналды» [59: 136] деп сипаттады С. Хантингтон.

* * *

Қазіргі қазақ ұлтының рухани дүниесінде болып жатқан құбылыстарға ұстанымында өркениеттер арасындағы антагонизмнің салдары болып табылатын тарихи қақтығыстардың тұйықталған бір буыны ретінде қарауға болады. Дүниежүзілік ауқымда елдердің топқа бөлінуі және елішілік ауқымда белгілі бір рухани парадигманы жақтаушылар мен оған қарсылар болып жіктелудің пайда болу себептері мен өту үдерісінде өзіндік ұқсастықтар мен ерекшеліктер бар. Қазақ амбиваленттілігі ел ішілік жіктелудің мысалына жатады.

Көптеген елдерде аграрлық укладтан индустриялық укладқа ауысу кезеңінде көрініс беретін ұлттың іштей омырылу құбылысы болып жатыр. Мұндай құбылыстар бұрынғы Кеңестік шығыс елдерінде айшықты көрініс береді. Э. Тоффлердің саралауына салсақ, өнеркәсіпті қалаларда тұратын қазақтар «қазіргі күнмен», ал ауыл тұрғындары «өткенмен» өмір сүріп жатқандар болып шығады.

* * *

Қала және ауыл, олардың арақатынасы туралы мәселелер қазақ қауымының әлеуметтік өміріне ғана емес, мәдениетіне, келешегіне қатысты да ұстанымды болып табылады. Әсіресе, бұл мәселенің қазақ тіліне қатыстылығын зерттеудің маңызы ерекше.

Өрлеуді қаладан іздеу керек. Бұл аксиома қоғамтанушы ғалымдарға бесенеден белгілі болса да, өмірлік практикада толыққанды ескерілмей келеді. Зиялы санатындағы адамдар өмірде болып жатқан құбылыстардың әлеуметтік сырларына үңіле алмай, сыртқы көріністен қорытынды шығарып, дұрысты бұра түсіндіріп, бұқаралық сананы теріс бағыттап отырды. Қазіргі қазақтың басына түсіп отырған тауқыметтерінің әлеуметтік себептері осы уақытқа дейін тереңінен қопара түсіндірілмегендіктен оның ісі алға баспай, әлеуметтік омалу жағдайынан шыға алмай келеді.

* * *

Соңғы жарты мың жыл ішінде Батыс өркениеттері қоғамдық дамудың барлық аяларында қарыштап алға озып кеткенде, Шығыс елдері тарих көшінің шаңын жұтып, артта қалды, отарлық езгіге душар болды. Табиғи және еңбек ресурстары мол, мың жылдық тарихы, төлтума мәдениеті бар, XV ғасырға дейінгі кезеңде ғылым мен техника жағынан да еуропалықтардан жоғары деңгейде болған Шығыс елдері соңғы ғасырларда Батыстың табанында жаншіліп жатты. Қазір де өркениет көшін бастаушы, заманауи дүниетүзілімді құрушы, халықаралық тәртіптерді орнатушы Батыс қоғамдары болып қалып отыр.

Неге?

Бұл сұрақтың жауабын іздеушілер де аз болған жоқ. Табылған жауаптардың арасында иландыратындары да жоқ емес. Заманауи зерттеушілердің дені бұл сұрақтың жауабын Батыс пен Шығыс өркениеттері өкілдерінің құндылықтар жүйесіндегі айырмалардан табады. Мұның да өзіндік қисыны бар.

Өркениеттің екі тұрпаты өкілдерінің құндылықтар жүйесіндегі басты айырма мынадан – Батыс адамының машинаға құмарлығынан, шаруашылықты индустриялық әдіспен жүргізуге бейімдігінен, қалада тұрып өмір сүруге, өнеркәсіппен айналысуға ынталылығынан, ал Шығыс адамының ауыл шаруашылығы мен қол өнеріне ден қойып, көпшілігінің ауылды жерлерде тұруды қалауынан көрініс береді.

Батыс ғылымды, техниканы, технологияны жетiлдiрумен, қала индустриясына ден қойып, түрлі механизмдер мен машиналар ойлап шығарумен, адамның еңбегiн жеңiлдету шараларымен айналысқанда, Шығыс бұрынғыша ауылды жерлерде бытырап, аграрлық укладты сақтап қалды, ауыр қол еңбегiмен өлместiң күнiн көруiн жалғастыра бердi. Ауылындағы үйреншiктi күйбеңiнен, жанын жегiдей жеген мезi тiршiлiгiнен бас тарта алмау – Шығыс адамының рухани бастамаларын құрайтын, оның санасын меңдеген, оның ақылы мен жүрегін жаулап алған, сонысымен әр сөзіне, өмірлік қызметіне, шығармашылығына, ісі мен әрекетіне ықпал ететін, етектен тартқан менталдық аппараттың басты құрауышы болып табылады.

Осы себептен XV ғасырдан кейінгі кезеңде Батыс елдері өркениеттер дамуының индустриялы баспалдағына өткенде, Азия мен Африканың байырғы алып мемлекеттері аграрлық баспалдақта қалып қойды. Мұның арты Шығысты ауыр салдарларға бастап әкелсе де, одан қорытынды шығармаған жүзден астам қоғамдар әлі ортағасырлық аграрлық уклад жағдайында күнелтіп келеді.

Шығыстағы өнiмi мардымсыз қол еңбегi адамға айналасына бажайлай қарауға мүмкiндiк бермедi. Шығыс адамы ештеңеге жарымаса да, ұзақ және монотонды әрекеттердi барын сала, ынтамен атқарды, ауыр тұрмысын жалғастыра берді. Шығыс адамы қоғамның саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік дамуындағы қаланың рөлiн түсінбеді. Мәдениетке, сауаттылыққа тырыспады, өз тағдырын өзі басқаруға тырыспады, бақыт үшін күреспеді, өмірдің мәнділік өлшемдерін іздемеді. Жақсылыққа бастайтын өзгерісті «аспандағы» құдайдан, жердегі билеушіден күтті.

Өркениеттің аграрлы және индустриялы болып омырылуының XVI ғасырдағы Нидерландыда болған саяси оқиғалардан басталғаны белгілі. XVII ғасырдағы ағылшын либерал-демократиялық революциясы өнеркәсіпті қоғамның толық жеңіске жеткенін және оның аграрлы қоғамнан артықшылығын бұлжытпай дәлелдеп берді. Осыдан бастап Еуропа елдері суырылып алға шығып, адамзат өркениетінің жетекшілік легін мығым иемденіп алды.

XVIII ғасырда Англия өнеркәсіп төңкерісін жүзеге асырып, құқықтық қоғам орнатып, классикалық парламентаризм еліне айналып жатқанда, қазақтар биліктің хандықтан өзге де тұрпаты болатынын, қой бағудан да басқа кәсіп болатынын ескермеген өмірін сүріп жатты. Ресейдің қайта-қайта тиісуі, барған сайын шекараға жақындап келуі, бекіністер салуы, от қарулы әскер ойнатуы, бір сөзбен айтқанда, соғысқа дайындалып жатуы қазақ хандарының естерін жиуына септігін тигізе алмады. Олар бағзы замандарда әуені алмап, жерді жалмаған Шыңғыс, Жошы, Бату, Мамай, Тоқтамыс хандардың ұрпағы екенін ұмытты. Тымақтарын баса киіп алып, сойылсоғарларын ертіп алып, бірін бірі барымталаудан қолдары тимеді.

Қазақтың басына төнген нәубет атаулы осыдан – қала салумен, өнеркәсіппен, темір өңдеумен, зеңбірек құюмен, шекара бекіністерін орнатумен, әскер құрумен айналыспаудан бастау алды. Орыс пен Қытай жоңғарларды айдап салғанда, қазақтың алдына салып, мыңғыртып бағып жүрген миллион қойының септігі тимеді. Мамыражай өмірден береке кетті. Үйретілмеген әскер баудай түсіп, қырылды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» басталды. Мұның арты қазақты орыстың етегінің астына өзі барып кіруге мәжбүрледі.

* * *

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Кеңестік Шығыс республикаларында ауыл шаруашылығының күйзеліске ұшырауы ауылда тұратындардың басым көпшілігінің жұмыссыз қалуына, жұмыс іздеп еріксізден қалаға ағылуына әкеліп соқтырды. Қазақ ауылының тұрғындары да қалаға ағылды.

Әдетте шаруа өз еркімен қалаға келмейді. Келсе ол ауылы қаңырап, киерге киім, ішерге тамақ таба алмай, қайыршыланғанда ғана, еріксіз келуі мүмкін. Қалаға келіп жағдайын жақсартып алса, ол одан кейін ауылын сағынып ән салып, баз кешіп өмір сүреді, ауылына қайтудың кез келген мүмкіндігін күтумен күнелтеді. О. Шпенглер айтқандай, “оны үлкен қалалардың “езгісінен” босатып көріңіз, онда ол, ештеңесін жоғалтпай-ақ, өзінің алғашқы қауымдық күйіне қайта оралады” [Шпенглер О. Закат Европы. Очерки морфологии мировой истории. Т.2. Всемирно-исторические перспективы. Город и деревня. – М.: Мысль. 1998. 99-б.].

Қазақтар да қалаға ғылым, білім, мәдениет іздеп келген жоқ, күнкөріс іздеп келді, базар жағалап, жалақы аз төленетін, лас жұмыстарды атқарды.  Өздері шыққан тегін – ауылын ұмыта алмай, зар илеген күндерін кешіп жатты. Қала үрдістерін меңгеріп кете алмады және оған ынталылық танытпады. Сол ауылдағыдай керенау, бейқам тұрмысын құрып жатты.

Жаңа ортада қалыптасқан жағдайлар адамды оларға бейімделу қажеттігін тудыратыны белгілі. “Ауыл немесе қала ұстасы, ауылнай немесе бургомистр екеуі екі әлемде тұратындай. Ауыл және қала адамы – екі түрлі мәнділік. Алғашында олар алшақтықты сезеді, кейін алшақтық  оларды билей бастайды, ақыр аяғы олар бірін бірі түсінуден қалады”,– деп О.Шпенглер айтқандай [Шпенглер О. Закат Европы. Очерки морфологии мировой истории. Т.2. Всемирно-исторические перспективы. Город и деревня. – М.: Мысль. 1998. 93-б.], ауылда туып, ауылда өскен адам қалаға неғұрлым кешірек келсе, соғұрлым оның қала жағдайына бейімделуі әрі қиын, әрі ұзақ өтеді. Көпшілік жағдайда, ол қалалық ортада қалыптасқан мұраттар мен құндылық бағдарларды меңгере алмай кетеді. Себеп олардың басым көпшілігінің сенситивтік шағын ауылда өткізіп келгендігінде. Сондықтан олардың бейімделуі ауыр және ұзаққа созылуда, көпшілігі бейімделе алмау дертін (адаптационный синдром) бастан кешіруде.

* * *

Қазақ ішіндегі жіктелу былай қалыптасты. Кеңес кезінде қаладағы аз санды қазақтар ана тілінде сабақ оқытатын мектептің аздығынан немесе мүлдем болмауынан балаларын еріксіз орысша оқытты. Өндіріс қажеттігіне орай, өздері де толық орысшаға ойысты. Уақыт өткен сайын ұлты қазақ болса да, орыс тілінде сөйлейтіндердің үлесі арта берді. Сырт сықпыты қазаққа ұқсағанымен, тілі, ойлау стилі, менталитеті, дүниетанымы ауыл қазағынікінен басқа социум пайда болды. Алдымен сауатты адамдардың жан әлемінде орын алған қазақша-орысша екідайлық кейінгі кезеңде халықтың маңыз аларлық бөлігін қамтыды.

Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап ауылды елді мекендердің тұрғындары арасынан қалаға келіп қоныстанып, оқуға түсіп, мамандық алып жатқандар көбейді. Олардың арасынан шыққан жазушылар, ғылыми дәреже мен атақ алғандар, білім мен мәдениет қайраткерлері атанып жүргендер де аз емес. Бірақ, тұтастай алғанда, олар қалалық болып кеткен жоқ, рухани өмірінде өзгеріс бола қойған жоқ, және болмайды да. Өйткені, олардың дүниетанымы жас шағында санасын меңдеген қазақтілді контенттің агротропты мазмұнымен шарттандырылып тасталған. Ал орыс тілінде сөйлейтін, қалада тұратын, түбірлі қалалық қазақтардың (қалада туып, өскен ұрпақтың) дүниетанымы орыс тілінің контентімен қалыптасқандықтан, олар ойы мен ындыны жағынан соларға жақын.

Мұндай ахуал Уильям Огборнның мәдени лаг (кешігу) туралы белгілі теориясымен түсіндіріледі. Ол теория бойынша материалдық мәдениетке қарағанда бейімделу мәдениетінің өзгеруі кешеуіл жүреді [61]. Бұл құбылыс үнемі материалдық және материалдық емес аялардың дамуы арасындағы үйлесімсіздікке әкеп соқтырып отырады. Соның салдарынан кешіккен социум ылғи да шешуі қиын әлеуметтік мәселелерге тіреледі де отырады.

Қазақстан қоғамы – тұтастай алғанда, индустриялы-аграрлы қоғам. Ал әлеуметтік-лингвистикалық параметрлер бойынша қазақ тілі аграрлы қоғамға тән сипаттамаларымен, ауыл лингвемасын практикалау деңгейінде қалып отыр. Қазақ тілінің сапалық көрсеткіштерін, қазақ ойының кешігуінің себептерін  айқындаушы фактор осы болып табылады.

Қазiргi қазақ тiлiнiң бастан кешiп отырған қиындықтары, қоғам өмiрiнде қолданыстағы мүшкiл жағдайы, өзiнiң мемлекеттiк мәртебесiне сай қызметiн атқара алмай отыруы осы фактормен – Қазақстан қоғамы мен қазақ тілінің өркениеттік даму сатысының түрлі баспалдақтарында қалып отыруынан көрiнiс табатын қазақ тiлiнiң басты қайшылығымен түсiндiрiледi. Қазіргі қазақ тілінің контентінің негізі балалық шағын – сенситивті жастарын ауылда өткізіп келген авторлардың, аграрлы қоғам шынайылығын сипаттайтын материалдарынан тұрады және олары нормаға түспеген, жалпақ тіл стилінде орындалған.

Индустриялы қалада және аграрлы ауылды елді мекендерде бөлініп өмір сүріп жатқан халықтар дүние жүзінде аз емес. Бұл – қазіргі заманның келбетін айқындайтын, халықтардың өркениет сатысының төменгі басқышынан жоғарғысына өтуін, яки кенттену үдерісін көрсететін құбылыс. Тек өзге халықтарда қала адамы мен дала адамының тілі бір, мәдениеті, ділі, тіні бір, діттегендері де бір – ауылдан қалаға ойысу. Ал омырылу сызығының екі жағына бөлініп түскен қазақтардың рухани дүниелері екі басқа, мәдениеттері, ділі, тіні басқа болып отыр. Ауылда тұратын және қалада тұрса да, әлі жаңа ортаға кірікпеген қазақтардың ұстанып отырған бағытының кесірлілігі сол, олар қаладан ауылға векторын ұстануында, қазақтан ауылдық ұлт жасау жолына түсіп алуында. Ұлттың басына түсіп отырған ауыртпалықтың бәрі осы кесірлі бағыттың салдарлары ретінде көрініс беруде.

Өркениет сатысының түрлі баспалдақтарында жайғасуына және өмір сүру ареалының басқалығына орай, ауыл және қала қазақтарының бастарына келіп құйылып жатқан тіл контентінің мазмұны басқа, сапасы да әр деңгейде. Ойлау стильдері де әр түрлі бастаулардан алынған семантикалық жүйенің мазмұнымен  анықталады. Соның салдарынан олардың интеллектілік даму деңгейлері де әр келкі, тиісінше, мәдениеттері де басқа. Әр топ өзінің ойкумена кеңістігінде жинақтаған білімі мен өмірлік тәжірибесінен қорытынды шығарады. Олардың ұлттық, мемлекеттік мәселелердің басым көпшілігіне, тілдің, мәдениеттің даму бағыттарына, дәстүрге, бала тәрбиесіне, халықаралық саясат векторларына қатысты ұстанатын тұрғылары үйлеспейді. Әр қайсысы елеулі саяси құбылыстарға түрліше көзқарастар ұстанады, ірі саяси қайраткерлердің қызметіне, қоғамның келешегіне, ұлт қатынастарына қатысты тұрғылары да өзгеше.

Ауыл әлемінің адамы қазақ ауылда тұрып, мал шаруашылығымен айналысуы керек деп есептейді. Ұлт тілі мен мәдениеті ауылда сақталатынына сенеді. Дәстүршіл. Халықаралық саясатта мұсылман елдерімен жақын болуды жөн деп табады. Ішкі саясатта тыныштық, тұрақтылық сақталуын, қазақ еместердің елден кете беруін қалайды.

Қала әлемінің адамы қазақ қалаға келіп, өнеркәсіппен айналысуы, жалақымен өмір сүруі, қаржы ағысын және биліктің әрекетін бақылауы керек деп есептейді. Ұлт тілі мен мәдениетін қалада дамытуды көздейді. Ұлттық және жалпыадамзаттық дәстүрлердің үйлесуін қалайды. Халықаралық саясатта дамыған демократиялық елдермен жақын болуды жөн деп табады. Ішкі саясатта орнықты динамикалық қозғалыстардың болып жатуын, қазақ еместердің елден кетпеуін қалайды.

Аксиологиялық ұстанымдар тұрғысынан қарағанда бұл топтардың өздеріне тән бетке ұстар, бағалайтын құндылық бағдарлары бар. Ауыл әлемі адамдары ұлттық құндылықтарды – ұлтты, тілді, дәстүрді, ғұрыпты, ұлттық мәдениетті қастерлеуге тырысады. Қалалықтар бұл аталғандарды жоққа шығармайды, оған қоса жалпыөркениеттік құндылықтарға ден қояды. Олар адам еркіндігін, теңдікті, адам құқығын, шаруашылықты индустрияландыруды, демократияны, азаматтық қоғамды бетке ұстайды.

Екі әлем өкілдерінің дүниені көруі, тануы басқа болғандықтан, олардың діттеген ындындары да басқа. Көпшілік жағдайда бір құбылысты әр қайсысы өз қырынан көреді, бір сұраққа кереғар екі түрлі жауап береді, бір мәселе туралы қабылдайтын шешімдері де басқа болып шығады. Екі әлем адамдарының талғамдары да үйлеспейді, оқитын мәтіндері, айтатын әндері де басқа. Белгілі бір ауқымды мәселені шешуге келгенде ойлау стиліндегі және дүниетанымдағы алшақтық оларды баррикаданың қарама-қарсы жақтарына топтасуға итермелейді. Сондықтан екі әлем адамдарының арасында қарсы тұрулар мен шептесулер болып тұрады. Біріне бірі мәмбет және мәңгүрт деп сайқымазақ ат қойып алған. Бұлардың біріншісі – қазақтілділерге, екіншісі – орыстілді қазақтарға қатысты қолданылады.

Топтар өкілдері арасында кейбір өзекті мәселелер төңірегінде баспасөзде де бітіспес айтыстар жүріп жатады. Оларға бұқараны қатыстыруға ұмтылыс та көрініс беріп қалады. «Қазақтарға қарсы әрекет ететін жасырын ұйымдар бар, оларды алпауыт олигархтар қаржыландырады» немесе «орыстілділер қазақ тіліне қарсы, әдейі ұйымдасқан қастандық жасап жүр» деген сияқты «үйректер» ұшырып отыру қазақ басылымдарының әдетіне айналған. Кейде қақтығыс тұлғаралық деңгейге көтеріліп, арты соттасуға дейін барып жатады.

Қазақ баспасөзінде еңбек етіп келе жатқан, отаншыл пікірлерімен көзқарақты қазаққа танымал журналистердің бірі «Жас Алаш» газетінде Н. Масанов туралы былай жазды: «Қазақ ұлты мен Н. Масановтың арасында рухани ортақтастық жоқ, ортақ рухтастық, ортақ мүдделестік, ортақ ділдестік, ортақ үндестік жоқ» [Ұлтбезерлік. ЖА, 5.05.2010].

Ал орыстілді қазақтардың басым көпшілігі, әсіресе демократиялық бағдарды қалайтындар Н. Масановты ғасырлар тоғысындағы қазақ рухани аспанындағы жарық жұлдыздардың бірі деп есептейді. Көшпелілер туралы монографиясында ол қоғамның тарихтағы орнын ғылым тұрғысынан нақты айқындап берді. Заманауи саясатта қазақтың ұлттық проблемаларының бәрінің алдымен қоғамды демократияландыру жолымен дамытқанда ғана шешімі табылатынына сенді. Өмірлік практикада осы бағытты ұстанды. Өз ұлтының келешегі үшін өмір сүріп, еңбек етті.

Н.Масановты қазақтың отарға түсуі және тәуелсіздік жолындағы жанкешті әрекеттері, шеттен көмек болмаса, өз күшімен еркіндікке қол жеткізе алмауы мазалады. Ол «халық күресте шыңдалады» деген қағиданың ақиқаттығына күмән келтірді. Оны қазақтың тәуелсіздік жолындағы күресте үнемі жеңіліске ұшырап отыруы қинады. Ол ашығудың, қырылудың, шетке қашудың, үнемі жеңілудің бәрі жиналып,  сананы ширықтыра алмағаны ма деген ойлар кешті («мало мочили?»). Қазақ тілінің «тиесілі функциясын атқара алмай отырғаны» туралы ой айтқаны үшін ауыл әлеміндегілер оны сотқа тартты. Н.Масанов көтерген осы мәселелер әлі өзектілігін жойған жоқ.

Былайша айтқанда, бір қазақ ұлтының ішінде екі маргиналдық топтан тұратын, екі тілде сөйлейтін, дүниетанымдары бөлек, екі мәдениет жасап отырған, екі «ұлт» өмір сүріп отыр.

* * *

Екі топтың өкілдері де ұлттық бірлік идеясын түсінеді және қуаттайды. Отаншылдық сезімдерден кенде емес. Ел, жер, ұрпақ қамы тектес құндылықтар екеуіне бірдей. Ұлттың, қазақ тілі мен мәдениетінің келешегіне қатысты екі топ адамдарының да ниеттері ізгі, мақсаттары биік, құлшыныстары құптарлық. Алайда, арадағы рухани түсініспестіктің салдары оларды дамудың белгілі бір бағыттық мәселелерін шешу барысында маңыз аларлық тактикалық қақтығыстарға соқтықтырып отырады. Бір топтың екіншісінің тұрағына қарсы пейоративтік-эмоциялық бұрқылдауының бәрі түсініспеушіліктен туындаған.

Рухани екідайлық қазақ халқының ұлт ретінде ұйысуының қазіргі кезеңіндегі аса күрделі әлеуметтік-психологиялық мәселеге айналып отыр. Мұның арты рухани аялардағы мәселелердің бәрінің шешім таппай, аяғы бітпес дауға ұласып кету жағдайына тіреліп отыр.

Аграрлы санамен, құлдық ойлау стилімен жүрген адам индустриялы басқыштағы азаматтық қоғамда өмір сүріп еңбек ете алмайды. Қазіргі қазақ шындығы осыны аймандай алға тартып отыр: қазақ мектебі білім бермейді; ғылым құртылған; Қазақстан өзгенің технологиясын пайдаланып, жер асты байлығын сатудан басқа ештеңе өндіре алмайды. Өндірісте де, саясатта да, ғылымда да қазақтың қылып жүрген қылығының бәрі дүмбілез, нәтижесі бүлдыр. Ең бастысы, барлық мүмкіндік бола тұра, толыққанды азаматтық, құқықтық қоғам құрылмады.

Азу құбылысы жан-жақты, бұқаралық сипат алған. Соны көріп, біліп, жан дүниесімен сезіп жүргендердің көкейін тескен бір сұрақ ылғи қайталанады: ел бола аламыз ба, бола алмаймыз ба, болмасақ, енді кімнің отары боламыз? Зиялы санатындағы адамдардың кейбіреулері қазақтардың келешекте Қытайдың отары болатынын әр жерде ашық айтып жүр. Қазақ тілінің дағдарысы – мемлекет құра алмаған қоғамның жалпы дағдарысының бір буыны ғана.

* * *

Ақиқаттың екеу болмайтыны белгілі. Олай болса, біз С. Къеркегор қойған философиялық сұраққа келіп тірелеміз: «Немесе – немесе» [қараңыз: 63]. Демек, ауылдың қазақтілді  қазағы мен қаланың орыстілді қазағының ұстанатын тұрғыларының біреуінікі дұрыс, екіншісінікі теріс.

Адамзат тарихы екшеп шығарған, уақыт сынынан өткен, дүние жүзін жайлаған адам атаулы санасатын, дауға түспейтін аксиомалар бар. Олардың кейбіреулері мыналар: регресті прогресс жеңеді; аграрлы қоғамнан индустриялы қоғам озады; ауыл әр қашан артта, қала әр қашан алда, сондықтан ауыл қаланың соңынан ереді. Дүние жүзінің барлық елдерінде, тарихтың барлық кезеңдерінде солай болған, қазір де солай, бұдан кейін де солай бола береді. Адамзаттың тарихи тәжірибесі осы.

Оқулықтағы қателер, білім беру жүйесін жайлаған антипедагогика, көркем өнердегі ауылшыл бағыт, журналистикадағы оятпау факторы, ұлттық екідайлық, менталитеттердің үйлеспеуі – бұлар жекелеген адамдардың немесе қазіргі ұрпақтың қателігі емес. Бұлар – жеке ұлықтың немесе биліктің де қатесі емес.

Бұлар – өркениеттік дамудың түрлі баспалдақтарына бөлініп түскен қазақтардың рухани екідайлығының салдары. Бұлар барлық элементтері жеткілікті болып, сырттай жағдай жасалып тұрғанда заманауи, тәуелсіз мемлекет құруға халықтың тарихи компетенттігінің жетіспеуінің көрінісі болып табылады.

* * *

Халықтың қателігін түзеу үшін оған қалыптасқан ахуалды дұрыс түсіндіру керек, оны ағарту керек, қалай істеу керек екендігін көрсету керек. Егер зиялы қауым дұрыс даму жолын көрсетіп бере алса, халық тығырықтан өзін өзі алып шығуы керек.

Халықтың өркениет сатысындағы аграрлық басқышында қалып қоюын және оның салдарларын дер кезінде көріп, көпшілікке түсіндіріп бере алмау, түнекті көрмеу, дабыл қақпау, стагнациядан шығу жолдарын көрсете алмау – қазіргі қазақ философтарына сын.

Қазақ тілінің келешегіне сенімсіздікпен қарайтындар бұрын да аз болмаған, қазір де кеміп отырған жоқ. Тіл мамандары мен тілге қатысы бар салаларда қызмет істеп жүрген жауапты адамдардың арасында осыдан еш нәтиже шықпайды-ау деп ойлайтындар көбеюде. Өйткені, ол планктонның  арасынан ағынға қарсы белсенді әрекет ете алатын нектон табылмады. Мемлекеттік тіл мәселесін зерделей қарап, қазіргі күйіне ғылыми дәйекті баға бере алатын, перспективасын, шешу жолдарын көрсете алатын ешкім болмады. Құбылыс герменевтикалық шеңбер формуласына ұқсап кетті: «Түсінгің келгенді тек алдын ала түсінсең ғана ол туралы бірдеңе түсіне аласың» [58: 241]. Ал қазір бізде мемлекеттік тілдің дамуына қатысы барлардың арасында оның жайын толық түсіне алатын, тіпті, түсінуге құлықтылардың өзі тапшы болып отыр.