2.2.4 Қазақ тілін кім біледі?
Тек ауызекі тілде жазу тіл білмегендікті айғақтайды.
А.С. Пушкин
Бір қарағанда сұрақты бұлай қоюға болмайтын сияқты. Қисын былай нұсқайды: әрине, жалпы тілі қазақша шыққандар, орта және жоғары оқу орындарын ана тілінде бітіргендер, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері, министрліктер мен мекемелердегі қазақ тілінің мамандары, оқулық авторлары, жазушылар, қазақ тілінде жарық көретін басылымдардың қызметкерлері мен редакторлары, ақыры, тілші ғалымдар – профессорлар мен академиктер қазақ тілін біледі. Көпшілік осы қисынды қабылдап алған, осылай ойлайды, содан туындатып, жоғарыдағылардан қазақ тілін білетіндерді жауапты лауазымдарға орналастырып, білмейтіндерді шетке ығыстыруды талап етеді. Бұл қисынға салсақ, мәселе оңай шешілуі керек. Мемлекеттік басқару иерархиясының барлық басқыштарындағы лауазымды адамдардың ішінен тіл білмейтіндерді білетіндермен ауыстырғанда бәрі орнына келе қалады. Мұндайда радикал-патриоттардың талаптары жөні бар сияқты болып көрінеді.
Бірақ, осы бағытты ұстанып, өзеуреп жүргендер мәселенің тереңде бұғып жатқан екінші қырына үңіле алмайды. Құбылыстың мәнін түсіну үшін алдымен тіл білу деп нені айтамыз деген сұрақтың жауабын тауып алу керек.
Шынайлығында, «қазақ тілін кім біледі?» деген сұраққа мына кілтипанды ескере отырып қана жауап беруге болады. Иә, бізде «қазақша білетіндер» толып жүр, егер аграрлық аяда, тұрмыс жағдайында, гуманитарлық, ішінара әлеуметтік-саяси мәтіндерді ауыл лингвемасы шеңберінде, күлтөбенің басындағы әңгімешіл ақсақалдың сарынына түсіп алып, терминдер мен ұғымдарды бірінің орнына екіншісін қолданып, үзік тіркестермен, бірдің басын, екіншінің аяғын шалып, қыстырмалатып, орысшамен будандатып, жалпақ тіл стилімен әйтеуір бірдеңені судыратып айтып шығуды қазақша біледіге санасақ. Әрине, мұндайды тіл білгендікке жатқызуға болмайды. «Қазір пәлен адам қазақша сөйлейтін болды, пәлен адам қазақ тіліне көшті дегенді мақтанып айтамыз. Бірақ оның барлығы қарабайыр, шолақ тіл. Оны тіл деп айтудың өзі қиындау. Мәселен, біздің депутаттар кейде қазақша сөйлеген болып, «Мен ойлаймын, біздің халық каленнен тұрады деп,..» дейді. Қотыр-қожалақ, бір сөзі – орысша, бір сөзі – қазақша,.. Мұны қазақ тілін біледі деп айтуға болмайды» [54].
Қазіргі қазақ тілінің қолданылу практикасы оның өмір сүру кеңістігін толығымен тіл анархиясы мен аномалиясы формаларында көрініс беретін ауызекі қойыртпақ иектеп алғанын көрсетіп отыр. Атауларды шатастыру, терминдер мен ұғымдарды төңкеріп қолдану, солардың салдары болып табылатын мағынасы күңгірт сөйлемдер мен қате түсіндірулер жыртылып айырылады. Мұндай келеңсіздіктер жекелеген сөйлемдерден, абзацтардан ғана емес, академиялық басылымдардың өне бойынан ұшырасады. Және ондай түйткілдер қатардағы еңбеккердің, есеп берушінің, баяндамашының немесе әкімнің аузында ғана емес, тіл істерімен төте айналысып жүрген мамандардың, журналистердің айтқандары мен жазғандарында да толып жүр. Қазақ тілінде сөйлеп отыр дегенге келмейтін, мағынасы күңгірт, түсініксіз сөздер мен тіркестердің жиынтығынан тұратын, семантикалық быламық қазақ тілі оқулықтарынан, тіл мәселелерімен айналысып жүрген профессорлар мен академиктердің «еңбектерінен» де көптеп ұшырасады.
* * *
Мысалдар келтірейік.
1-мысал.
«Бүгінде шын мәніндегі профессионалды әдебиетке айналып, дүние жүзілік көлемде танылып отырған қазақ әдебиетінің даму тарихына көз жіберсек, өсу, өркендеу жолы қызу түрдегі пікір таласының үстінде қалыптасып келе жатқаны алдымызға келеді. // Қазақ әдебиет тарихы ғылымының іргелі саласының бірі – абайтанудың қалыптасу процесі мен зерттелу тарихының жайы да осы жолға қарайлас құбылыс. // Бұл саланың негізгі зерттелу нысанасы болып отырған Абай мұрасын тану, бағалау жайы революцияға дейін-ақ басталып, бүгінге дейін үздіксіз зерттелу үстінде. // Абай мұрасының зерттелу процесі ертеректен басталғанымен, ол негізінен екі түрлі жолмен жүргізіліп келеді (Мырзахметов М.М. Абайтану тарихы. – Алматы: «Ана тілі», 1994. 3-б.).
Профессордың кітабынан алынған үзіндіні талдау:
Абзацта 4 сөйлем бар. Бірінші сөйлемдегі «профессионалды» сөзінің қазақшасы бар – «кәсіби». «Дүние жүзілік көлемде» – плеонастикалық төгіліс. Тіркестегі соңғы сөз артық, тіркесті «дүние жүзіне танылып» деп құрған жөн болар еді. Асты сызылған тіркесте мағыналық шашырау орын алған. «Алдымызда» дегеннен бұрын «көз» сөзі тұруы керек. Оны көз алдыға келтіріп, елестетуге ғана болады. Екінші сөйлем бойынша: «процестің» қазақшасы – «үдеріс». Асты сызылған тіркес – мағынасыз қойыртпақ. Үшінші сөйлем бойынша: «жайының» орнына «жұмыстары», «зерттелу үстінденің» орнына «жалғасып келеді» дегенде сөйлем жатық шығар еді. Төртінші сөйлем бойынша: «зерттелу процесінің» орнына «зерттеу жұмыстары» дегенде сөйлем көңілге қонымды болар еді. Жол деп отырғаны «әдіс» болуы керек. Бұл – грамматикалық талдау.
Келтірілген абзацта ғылыми дәйексіз, теріс ақпарат та аз емес. Қаншалықты данышпан болса да, жекелеген қайраткерлердің шығармаларының зерттелуі әдебиеттің «іргелі саласы» бола алмайды. Мәтінде Абай шығармаларын зерттеуден бұрын «абайтанудың зерттелу тарихы» туралы көбірек айтылады. Абай мұрасы «үздіксіз зерттеліп» келе жатқан жоқ, оның назардан тыс қалған кездері де болған. Автордың сөз сыңайына қарағанда (4-сөйлемдегі), зерттеу жолдары көп болуы керек сияқты.
Бірінші мысалға қорытынды: филология ғылымының докторы, профессор М. Мырзахметовтың «Абайтану тарихы» атты кітабының 1-абзацы 12 жолдан, 4 сөйлемнен, 83 сөзден тұрады. Оқырман бұл жерде мәтінді толық иектеген лексикалық, семантикалық, синтаксистік прагматикалық девиация құбылысымен ұшырасады. Мағына күңгірттігіне әкеліп соқтаратын қателердің саны – 8. Орта есеппен әр сөйлемде 2-ден ақау бар. Ғылыми теріс тұжырымдар – 3. Мәтіннің мағыналық құндылығы – ноль.
* * *
2-мысал.
«Қазақ тілінің лайықты деңгейге көтерілмей отырғандығының негізгі себептерінің бірі – мемлекеттік мекемеде отырған, қолында биліктің тізгіні бар адамдардың селқостығынан» (1). «Мемлекеттік тілді дамыту жөнінде мемлекет басшысы тарапынан неше түрлі құжаттар қабылданып, неше түрлі заңдар, бағдарламалар шықты» (2). «Соның барлығын әрмен қарай іске асыратын мемлекеттік мекемелер атқарылатын шаруаларға селқос қарағандықтан қазақ тілінің қазіргі күйі бейшара кейіпке түсті» (3). «Ондай әлеуетті орындарда, қызметтерде отырғандар өзіміздің қаракөздер» (4). «Бірақ биліктің түрлі сатыларына жеткен азаматтардың көпшілігі мектепті орысша бітірген түлектер» (5). «Осылардың мемлекеттік тілдің дамымауына тікелей кесірі тиіп отырғанын ашық айтуымыз керек» (6). «Ал коммунистік идеология паш еткен Кеңестер Одағында өскен коммунистердің арасында қазақ тіліне жаны шырқырай ашығандары да болды» (7). «Соның бірі – Өзбекәлі Жәнібеков еді» (8). (Айтбайұлы Ө. Тілді селқостық дамытпай отыр. Қазақ әдебиеті, 18.09.2009).
Мысалға түсінік:
1-сөйлем синтаксистік тұрғыдан дұрыс құрылуы үшін «көтерілмей отырғандығының» тіркесінің орнына «көтеріле алмай отыруының» деп жазылуы керек еді. «Мекеменің» орнына «мемлекеттік жоғарғы басқару органдары» делінуі, соңғы сөздегі «нан» жалғауы алынып тасталуы керек. 2-сөйлемдегі «тарапынан қабылданып» деген тіркес мүлдем қиыспайды, мағыналық жағынан да дұрыс емес. Президент құжат қабылдамайды, жарлық немесе өкім шығарады. Заңдарды парламент шығарады, соларға сай, бағдарламаларды Үкімет немесе министрліктер қабылдайды. 3-сөйлем өте орашолақ құрылған. «Соның» сөзінің орнына «солардың», «іске»-нің орнына «жүзеге», «кейіпке»-нің орнына «күйге» деп жазу керек еді. «Әрмен» – тұрмыстық стиль сөзі. «Тілдің күйі бейшара кейіпке түсті» – гипербаттың қарадүрсін түрі. Дұрысы «тілдің өзі бейшара күйге түсті». Осы сөйлемді 19 сөздің орнына 13 сөзбен, «Сол шараларды атқаруға тиісті мемлекеттік басқару мекемелерінің селқостығынан қазақ тілі бейшара күйге түсті» деп пішіндеуге болар еді. 4-сөйлемде «отырғандар» дегеннен кейін сызықша қойылуы керек. «Орындарда» сөзінен кейін үтірдің керегі жоқ. «Қызметтерде» емес, «қызмет етіп» деген жатығырақ. «Өзіміздің қаракөздер» – ұлттық-сепаратистік бағытты ұстанатын, саяси мәдениеті төмен адамдар сыбырлап айтатын коллоквиализм. Ресми баспасөзде қолдануға болмайды, оның орнына «жергілікті ұлт өкілдері» немесе «қазақтар» деу керек. 5-сөйлемде «түрлі» емес, «жоғарғы»; «саты» емес, «басқыш» деп жазылуы керек еді. Билік иерархиясы – саты біреу болады, ал басқыш көп. «Көпшілігі» сөзінен кейін сызықша қойылады. «Түлектер» сөзі орынсыз қолданылған. «Биліктің түрлі сатыларына жеткен» дегеннің орнына «билік сатысының жоғарғы басқыштарына көтерілген» деп жазу керек еді. 6-сөйлемдегі «дамымауына» дегенді «дамуына» деп өзгерту керек. 7-сөйлем. Паш ету – әшкерелеу дегенді білдіреді. «Коммунистік идеологияны ұстанған Кеңестер одағы» десе жөн болар еді. 8-сөйлемдегі «соның» сөзінің орнына «солардың» деп жазу керек.
Екінші мысалға қорытынды: Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, филология ғылымының докторы, академик Ө.Айтбайұлының қазақ тілінде сөйлеудің үлгісін көрсетуге тиісті «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған мақаласынан алынған 13 жолдан, 8 сөйлемнен, 104 сөзден тұратын үзінді – толығымен девиациялық сөз қолданыстың үлгісі. Ондағы стилистік қателердің саны – 13, тыныс белгілерінен кеткен қателдер – 2. Шығарманың мағыналық құндылығы – ноль, идеялық бағыты теріс. Қазақ тілінің дағдарысын шенеуніктердің селқостығынан көру – құбылыстың сырына үңіле алмаған адамның үстірт пікірі. Әр тіркестің, әр сөйлемнің коннотациялық астарына сауатты үңіле білген адам академиктің мақаласынан тұтастай жібі түзу сөйлем таба алмайды.
* * *
3- мысал:
«Адам өз ортасымен күнделікті түрлі қарым-қатынаста болады (А). Сол арқылы тіршілік жасайды, білім, тәжірибе жинайды, жетіледі, өседі (Ә). Ал қарым-қатынас, негізінен, ауызекі тілдесу арқылы жүзеге асады (Б). Ауызекі сөз ерекше сипатта құрылады (В). Ол стиль ауызекі сөйлеу стилі деп аталады (Г). Ауызекі сөйлеу стилі – қазақ тілі стильдерінің бір тармағы» (Д).
Бұл – Р. Әмір, М. Атабаева деген авторлардың жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған оқулығының [Алматы: «Мектеп» баспасы, 2005. 25-б.] стиль туралы баяндалатын тарауынан алынған үзінді.
Талдауға ыңғайлы болу үшін мұндағы сөйлемдер ретіне қарай әріптермен белгіленген.
Үшінші мысалды талдау: А-сөйлемдегі стильдік орашолақтықты аңғару қиындық тудырмаса керек. Оның орнына автор «адам өзін қоршаған ортамен үнемі қарым-қатынаста болады» десе ой жатық шығар еді. Ә-сөйлемде «тіршілік жасайды» деген тіркес кірікпей тұр. Оның мағыналық потенциялы қарым-қатынас ұғымының кемерінен асып кетеді. Б-сөйлемде берілген мағлұмат қате: қарым-қатынас жасаудың ауызекі тілдесу түрі делдалдық қатынас құралдары – баспасөз, кітап, теледидар, интернет үстемдік құрған, ақпаратты қоғамда негізгі болудан қалған. В-сөйлем мағынасыз жиынтық болып шыққан. Сөйлем көп сұрақ тудырады. Мысалы, «ауызекі сөз» деген не? Бұл жерде мәселе ауызекі сөйлеу стилі туралы болып отырған жоқ па? Ерекше сипат ауызекі сөзге ғана қатысты ма? Өзге стильдерде ерекше сипат болмай ма? Ауызекі сөздің сипатының ерекшелігі неде? Осы ескерту мен сұрақтар Г-сөйлемге де қатысты. Мұндағы тавтологиялық қисынсыздықты «ол стиль» тіркесінен кейін сұрақ белгісін қою арқылы анық аңғаруға болады. Д-сөйлемдегі тұжырым да дерліктей қате: Ауызекі сөйлесу стилі тек қазақ тіліне ғана қатысты емес. Сөйлем орнында болуы үшін оның екінші бөлігін «тіл стильдерінің бір түрі» деп жазу керек.
Үшінші мысалға қорытынды: Стиль туралы берілген ақпаратта ғылыми дәйектілік жоқ. Бір абзацтағы алты сөйлемнің алтауын да тіл аномалиясының тұрпатты мысалы деп қарастыруға болады. Мәтінде гипербат, алогизм, абракадабра, дигрессия, какология формаларында ұшырасатын ауытқулар бар. Стиль бұзушылықтың оғаш түрлері көзге ұра көрініп тұр. Қатар тұрған В мен Г сөйлемдерді жалғастыра оқып шыққанда «ерекше сипатта құрылған ауызекі сөз ауызекі сөйлеу стилі деп аталады» деген түсінік береді. Авторлардың стильге берген дефинициясы – осы. Мәтіннің өне бойында іліп алар ой жоқ, мағынасыз, орашолақ тіркестер бар.
* * *
4- мысал.
«Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ ұлтының әлеуметтік өмірі мен мәдениеті, ғылымы мен білімі жолында аянбай адал еңбек еткен ірі қайраткер, үлкен талант иесі, қайталанбас зор тұлға» (1). «Өз заманында-ақ «Қазақтың Ахаңы» деген мәртебелі атқа ие болған біртуар тұлға кеңестік Қызыл империяның «солақай саясатының» кесірінен адам қолынан құрбан болғандығы бүгінгі ұрпаққа белгілі» (2). «Ахаңның есімі мен еңбектерін ұзақ уақыт бойы айтуға тиым салып, «тұмшалап» келгенімен, айтулы тұлға еңбегі халқы үшін мәңгілік өшпейтіндігін мойындатты» (3).
Мысал А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдары кандидаты Г. Мамырбекованың қазақ тілінде сөйлеудің үлгісін көрсетуге тиісті «Ана тілі» (13-19 09 2012) газетінде жарияланған «Байтұрсынұлы жазуы» атанған Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінің жарық көргеніне жүз жыл» атты мақаласынан алынған.
Талдау:
1-сөйлемде: «әлеуметтік өмірі… жолында» дегенде мағына жоқ. «Қазақ ұлтының әлеуметтік прогресі және оның мәдениетін, ғылымын, білімін дамыту жолында» десе сөйлем жөнге келер еді. «Таланттың» қазақшасы – дарын. «Аянбай» деген сөзден кейін үтір қойылуы керек. 2-сөйлем бойынша: «Қазақтың Ахаңы» деген мәртебе (статус) жоқ, «халқы ілтифатпен солай атап кеткен» деу керек еді. «Қызыл империя» кіші әріптен басталып, тырнақшада тұруы керек. Ал «солақай саясатты» тырнақшаға алудың қажеті жоқ, өйткені, ол – айналыста бар саяси термин (орысшасы – левачество) және бұл жерде тура мағынада қолданылып тұр. 3-сөйлемде бастауыш жоқ, тиым салған кім екені белгісіз, сондықтан, синтаксистік қойыртпақ болып шыққан. «Тұмшалаған» – тура мағынада болғандықтан тырнақшада тұрмауы керек. Автордың сөздерді тырнақшамен қоршау ережесінен мүлдем хабары жоқ. «Өшпейтіндігіннің» орнына «өлмейтіндігін» деу керек, өйткені бірінші сөзге қатысты ұғым (от) жоқ, екіншісіне қатысты ұғым (шығарма) бар. «Мойындатты» – құр лепірме сөз, және кімді деген сұрақ тудырады. Жалпы бұл сөйлем былай пішінделуі керек еді: «Кеңес билігі ұзақ уақыт тиым салып, тұмшалап келсе де, Ахаңның есімі, еңбектері халқы үшін ешқашан өлмейтіндігін көрсетті».
Ғылыми атағы бар, институттың бөлім меңгерушісінің жазғандары орта буында кейде үлгіріп, кейде үлгірмей жүрген оқушының шығармасы деңгейінде.
Келтірілген мысалдар үш кілтипанымен көңіл қобалжытады. Біріншіден олардың авторлары – сөз саптаудың үлгілерін көрсетуге тиісті, қазақ тілінің білгірлері саналатындар – ғылыми атағы бар адамдар, профессорлар, оқулық авторлары. Екіншіден – олар тілді дамыту миссиясын атқаруға тиісті басылымдарда – жазушылар одағы мен «Қазақ тілі» қорының газеттерінде («Қазақ әдебиеті», «Ана тілі»), оқулықтарда, ғылыми монографияларда жарияланып отыр. Үшіншіден – олар басылымдар мен баспалардың жоғары квалификациялы жауапты қызметкерлерінің, редакторларының сүзгісінен өткен. Сонда қатардағы азаматтар – сұхбат беруші қызметкер, дәріс беруші мұғалім, ем беруші дәрігер, сотта сөйлеуші заңгер, мекеме басқарушы шенеунік,.. өздерінің қоғамдық қызмет аясында мәнге қатысты, редакциялаусыз, сөйлемін қалай құрып, ойын қалай жеткізетінін көз алдыға елестету қиынға соқпайды.
* * *
Сонымен, тіл білу ұғымына қайта оралайық.
Тіл білу мен білмеудің шекарасын айқындау туралы сөз қозғамастан бұрын, әдеби тіл мен жалпыхалықтық тіл ұғымдарының мағынасын ажыратып алу керек.
Біз әлде бір индивид тіл біледі екен дегенде, оның жұпыны сөздік қормен, жалпақ тіл стилімен, сүріне-жығыла көпіргенін көз алдыға елестетеміз. Ол жазушы, ғалым немесе белгілі басылымның редакторы да болуы мүмкін. Олар аграрлық-тұрмыстық аяның мысалдарынан алып, роман жазған, өлең шығарған, монография бастырған, қоғамдық-саяси мәтіндер құрастыырған адамдар болуы мүмкін. Бұдан ғасыр бұрын дайындалған грамматикаға сүйеніп, олар өздерінің ойларын ортаға салғанда, түрлі ауытқуларға жол беріп, өрескел қателер жіберіп отырады.
Демек, жоғарыда келтірілген мысалдардағы ғалымдардың, оқулық авторларының сөйлеу стильдері жалпақ тілдің – шаруаның ауызекі тілі стилінің мысалдары болып табылады (қар. 1.4 тар.). Жалпақ тілмен сөйлеушілерді әдеби тілді білетіндер санатына жатқызуға болмайды. А. С. Пушкин сонау XIX ғасырдың алғашқы ширегінде айтып кеткендей, «тек ауызекі тілде жазу тіл білмегендікті айғақтайды» [128: 439]. Қазақ тілінің соңғы 25 жыл ішіндегі мандымай жүруі осы айғақпен түсіндіріледі.
* * *
Неге қазақ тілі ширек ғасыр бойы алға жылжымай, бір орынды таптап түр?
Мұның негізгі себебі қазақ лингвистерінің әдеби тіл мен жалпыхалықтық тілдің арасын ажырата алмауында жатыр. Олардың біріншісі туралы түсінігі болмағандықтан, екіншісін алға шығарды. Бұқараның санасына жалпыхалықтық тілдің бастауыш-баяндауыш жүйесі бұзылған, әбден бүлінген, меңгеруге болмайтын нұсқасын сіңірумен айналысты.
Тіл білу дегеніміз әдеби тіл корпусындағы әр лексикалық белгіні семиологиялық бірмәнділікте түсіне және қолдана білу деген сөз. Бұл талап әдеби нормалары заңдастырылған, мемлекеттік іс жүргізіліп жүрген тілдерге қатысты алғанда ғана орындалады. Ал тіл нормалары толық бірізділікке түсірілмеген, тұтастай жүйеленбеген, грамматикада, сөздіктерде міндеттілігі нұсқалмаған, орта мектепте, ЖОО-ның филология, журналистика факультеттерінде оқытылмаған, тіл қолдану практиккасында дұрыс сөйлеу талап етілмейтін жағдайда, зиялы санатындағылардың, жауапты қызметкерлер мен мамандардың, солардың ішінде тіл білімінің профессорлары мен академиктерінің өздерінің тілді жатық сөйлей алмауының ақиқатқа айналуына таң қалуға болмайды. Мұндайда, қазақ тілін кім біледі деген сұрақта да мағына болмайды.
Тіл білу дегеніміз адамның өзі қызмет істеп жүрген кәсіпорынның өндірісі үдерісіне қатысты айтар ойы мен идеясын өзінің қызметтестері мен әріптестерінің санасына жеткізе білуі. Әдеби тілдің корпусы тілдің белсенді лексикасының айналадағылармен түсінісуге қажетті минимумы мен өндіріс аясында қолданылатын сөздердің жиынтығынан тұрады. Тіл білетіндер санатындағы адам бұл корпусты іс жүргізу үдерісінде стиль бұзбай, сөз қолдану практикасында аномалияға жол бермей қолдана білуі керек. Жоғарыда атап өтілгендей, заманауи сауатты адамның нормаланған тіл корпусы 10-12 мың лексикалық бірліктен кем болмауы керек. Бұл көлем өндірістік мәжілісте баяндама дайындауға, тезис құруға, жоспарлар жасап, есеп беруге, т.б. іс жүргізуге мүмкіндік береді.
Қоғамда өз әлдерінше еңбек етіп, тіл үйрену хақында түрлі ұсыныстар жасап жүрген энтузиастар бар. Олардың біреулері қазақ тілін түрлі ахуалдарда (ситуативный казахский) қолдану үлгілерін – көшеде, дүкенде, стадионда, дастархан басында,.. қолданылатын сөздерден тұратын тілашарлар дайындауда. Енді біреулері тіл үйренуге халық эпостарын жаттату арқылы келуді ұсынады. Олар «Қобыланды батыр» эпосын жаттау арқылы тілді меңгеруге болатынына сенімді. Көпшілік бұқара, соның ішінде, билік сатыларындағы тілге жауап беруге тиісті шенеуніктер де, тіл білуді тұрмыстық деңгейде ақпарат алмасуға қабілеттілік деп түсінеді. Бұларды тіл білуге жатқызуға болмайды. Тойда құттықтау айту да, фольклордық шығармадан үзінді жаттап алу да тіл білуге жатпайды. Тілді тұрмыстық деңгейде білуді практикалы деп айтуға болмайды. Тіл білудің практикалылығы тек оны өндіріс ісін жүргізуге қатысты ақпаратты меңгеріп, қолдана білгенде ғана жүзеген асырылады. «Мен тіл білемін, әлеуметтік-гуманитарлық бағытта жұмыс істейтін мекемелерде қазақ тілінде іс жүргізу үлгілерін жасай аламын» деп кім айта алады?
Ешкім айта алмайды.
Өйткені, қазіргі таңдағы қазақ тілінің күйі қазақ тілін қолданушының күйін адекватты айқындайды. II тарауда аталып өткендегідей, индустриялы қоғамда ресми іс дүргізуде қолданылатын қазақ тілінің әдеби нормалары әлі жасалған жоқ. Егер тіл индустриялы қоғамның экономикалық айналысына әлі енгізілмеген болса, тілді ол қоғамда іс жүргізуде пайдаланатындай деңгейде білемін деп кім айта алады?
Орыстілді қазақтардың іс жүзінде қазақша сөйлеуге бейіл танытпауының себебі де қазақ тілінің әдеби нормаларының тағайындалмауымен, стильдерінің ажыратылмауымен түсіндіріледі. Орыстың орнықты тілінде, тек нормаға сай, дұрыс құрылған сөйлемдермен сөйлеп әдеттенген ол, ауыл лингвемасына түсіп, семантикалық қойыртпақпен сөйлеуді қабылдай алмады. Вилланолект стилінде, девиацияға толы, пунктирлі тіркестермен сөйлеу оларға жат болып шықты.
* * *
Сонымен, қазақ тілінде ресми іс жүргізуде, өндірісті басқаруда әр терминнің, әр лексикалық белгінің тұлғалық пішінін сақтап, мағыналық жүктемелерін өзіне арта отырып, тіркестерді қисынмен құрып, аяқталған ойды білдіретін сөйлемдермен ойын жеткізе алатын ешкім жоқ. Ешкім қазақ тілінде өндіріс тақырыбын қозғайтын баяндама немесе хабар жасай алмайды, шаруашылық есеп жаза алмайды, жарлықтардың, бұйрықтардың, өкімдердің мәтіндерін синтаксистік тұрғыдан дұрыс құра алмайды. Қазақ тілінде сөйлемін синтаксистік тұрғыдан дұрыс құрып, жиналыс жүргізе алатын, онда өндіріс үдерісіне толыққанды сипаттама бере алатын,.. адам Қазақстанда жоқ.
Ақын Ф.Оңғарсынова депутат болып жүрген кезінде қатысқан телеберілімдердің бірінде былай деген болатын: «осы біз дастархан басында қу сөзді судыратқанда бірімізге біріміз дес бермейміз. Ал мінберге шығарып, қолға микрофон ұстатқанда тұсалған аттай кібіртіктейміз де қаламыз». Фариза ханым құбылысты дәл аңғарған: қазақ тілі тұрмыста, жалпақ тілмен судыратуда – бар, ресми іс жүргізуде – жоқ.
Егер қазақша білетіндерді ғана мемлекеттік қызметтерге қабылдауды өкірештей көтеріп жүрген профессорлар Т. Бурбаевті, А. Қайыржановты, М. Мырзахметовты бригадирлік жұмысқа қабылдап, оларға “построить транспортную развязку с пропускной способностью 80 автомобилей в минуту» деген нұсқауды қазақ тілінде бергізіп көрсек қайтер еді? Сонда олар салған беттен келтірілген тіркесті қазақша жайып салып, қарамағындағыларға жатық та, түсінікті тапсырма бере алар ма еді?
Жоқ, әрине. «Қазақша білетін» профессорлар бұйрықты қалай пішіндерін білмей, аузын буған өгізше, сілейіп тұрып қалар еді. Өйткені, қазіргі қазақ тілінің “транспортная развязка”, «пропускная способность» деген тіркестердің қазақша қабылданған, баршаға түсінікті эквиваленті жоқ. Өндірісті басқару үдерісінде қолданылып жүрген, қазақша эквивалентін дайындауды қажет ететін атаулар, таптаурын тіркестер, фразеологиялық бірліктер, клишелер ондаған мыңды құрайды. Олардың әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық салаларда қолданылып жүргендерінің ғана (техника, технология жағына бармағанда) аудармасын жасап беру тіл ғылымдары мекемелерінің салалық мамандарды тарта отырып, ондаған жыл еселі еңбек етуін қажет етеді.
Қазақ тілінде талапқа сай дұрыс, жатық және көсіле сөйлейтін тілдік орта жоқ. Соның салдарынан, жібі дұрыс сөйлем құра алатын да ешкім жоқ. Тіпті, орта және жоғары оқу орындарында сөйлемін дұрыс құрап, дәріс оқи алатын оқытушы да жоқ. «Орыстілді үміткер мектепте қазақ тілін оқып келіп, емтиханнан өтіп тұра, орысша жауап беруге рұқсат сұрайды… Қазақ тілі пәнін сәтті бітіріп шыққан оқушының өзі жалпы ойыңызды ұққанымен, қазақ тілінде сөйлей алмайды»- деп жазды Қ. Әбдиев «ҚАЗТЕСТ – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі» деген «Ана тілінде» жарияланған мақаласында. Бұл – орыстілді мектептердің түлектеріне ғана қатысты құбылыс емес. Қазақтілді мектептерді бітірушілер де сөйлей білмейді. Олардың басым көпшілігі қарапайым ақпаратты жеткізуге қиналады.
Соңғы кездері телебағдарламалар жүргізетін кейбір журналистердің дұрыс сөйлеудің амалдарын іздестіре бастағаны байқалады. Айтар ойын жеткізу үшін толыққанды дұрыс сөйлемдерді бірден құрай алмайтынын білген олар, алдын-ала жазбаша нұсқа дайындап алатын болған. Сонан кейін камераның алдында мәтінді жатқа айтып шығады. Олары жетілгендіктен алыс жатыр, әрине. Солай болса да, ойын бірден төгілдіріп айта алмайтын болған соң, әйтеуір, осылай ахуалдан шығуға тырсуларының өзі құптауға тұрарлық. Оларға нормаланған тілді білетін, тілтанушы мамандардың көмегі керек. Бірақ ондай маман бізде жоқ.
Қазақ тілін шын мәнінде ресми ақпаратты толыққанды жеткізе алатын тілге айналдыруды көздейтін адам, алдымен әдеби тіл корпусын жасап, заңдандырып алуды, тіл кеңістігін жалпақ тіл стилінен арылтуды ойлауы керек. Гуманитарлық-әлеуметтік мәтінді немесе тұрмыс аясынан алынған хабарларды семантикалық қойыртпақпен беруден құтылу керек. Келешекте қазақ тілінде ресми іс жүргізу тілі нақты және баршаға түсінікті болатын, ой легі еркін ағылып отыратын тілдік орта қалыптастыруды қолға алу керек.
Қазақстанда тілді ресми іс жүргізуге дайындау жұмыстары әзірше нәтиже беріп отырған жоқ. Өйткені, ол жұмыстар байқап көру мен қателесу әдісімен ғана жүруде, ғылыми-тұжырымды келіс жоқ. Ондаған мың орнықты тіркестердің, таптаурын айналымдардың, клишелердің қазақ тіліндегі аудармасы дайындалған жоқ. Грамматиктердің ондай шаруаға кірісейін деген ойлары да жоқ, өйткені, ондай ауқымды жұмысты атқара алатындай оларда интеллектілік қуат, білім, ерік дегендер тағы жоқ. Лауазымы жағынан осы бағыттардағы жұмыстарды тындыруға тиісті адамдардың арасында іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру механизмдерін, екінші сөзбен айтқанда, тілдің репрезентациялау қабілетін орнықтару мәселесінен хабары бар адам тағы жоқ. Білетіндері жоғарыға талап қойып, айғайға баса беру ғана. Мұны “мінеки, қараңдар. Мен – қазақ тілінің керемет жанашырымын. Биліктегілерді тықсырып жатырмын” деп, бұқара алдында арзан бедел жинау үшін жасайды.
Қазіргі таңдағы қазақ тілінің ақиқаты осындай: бар қырсық тілдің әдеби нормаларға түсірілмеуінен бастау алып отыр. Қазақстанда қазақ тілінде ресми іс жүргізуді жолға қоюмен айналысуға интеллектілік шамасы жететін ғылыми ұйым, мекеме жоқ. Істі қазақ тілінде жүргізіп жатырмыз-мыс деп жүргендердің ешқайсысының берген есептеріне сенуге болмайды. Олар істі орысша жүргізеді, есепті де орысша жазады. Сонан кейін, шатпақтап қазақшаға аударған болады. Дайындалған екі тілдегі нұсқаларды жоғары инстанцияларға қоса жолдайды. Жоғарыдағылар да, келген есептің қазақша нұсқасын кейін ысырып қойып, орысшасымен жұмыс жүргізеді. Мойындағың келсе де, келмесе де, ақиқат осы. Қазақ тілінің қолданылу практикасы осы айғақты аймандай етеді.