2.2.3 Тіл талғамы

Бұл тұста тіл талғамы мәселесіне тоқтала кету керек. Тіл талғамы ұғымының эссенциялық элементі деп заманауи тыңдарманның талабына сай семантикалық жүйені қолдана білуді атау керек. Тіл талғамы ресми аяда тіл мәдениеті талаптарына сай, сол жерде тілге тиек болып отырған мәселеге қатысты айтылар ойды өзгеге жатық, түсінікті және шешен жеткізе білуді білдіреді. Жоғары талғаммен, мәдениетті және сыпайы сөйлеу тіл үйренушіні өзіне тартатын, жағымды қызмет атқарады.

Осы кітапта ұшырасатын тіл аномалиясы мен тіл анархиясына келтірілген мысалдардың дерліктей бәрі тіл қолданудағы талғамсыздықтың да мысалы бола алады. Қазақ тілін қолданып сөйлеу практикасында ұшырасатын талғамсыздықтар ресми аудиторияға шығып алып коллоквиализмдерді сықпыртып сөйлеу, сөзді анық айта алмау, сақау сөйлеу, құлаққа да, түсінікке де жат, ауыл қарттарының стилімен самбырлау (какофония), гротескілік лепірудің қиырдан қиырға лақтырылған пішіндерімен, елірткен, асыра сілтеген құрылымдармен ойқастау формаларында ұшырасады.

1-мысал.

«Икс» музыкалық тобы өнерімен Еуропаны мойындатты» (телеберілімнен).

Сөйлеуші айтып отырған ойына тыңдарманын сендіру үшін әсірелегіш тіркесті қолдануға әуестік танытқан. Ой алға шықпай, тыңдарманды иланыру алға шыққанда, сөйлеуші тыңдарман тарапынан ілтифатті қатынасқа қол жеткізе алмайды.

2-мысал.

“Мұрнынан есекқұрты түсіп тұрғанда, өзге елдерді менсінбеген “Үлкен жетілік” елдерінің экономикасын өткінші күйзеліс өлімші халге жеткізгені өтірік емес”; «жарты әлемдегі жеңілістерінен сабақ алмаған склероз АҚШ»; «жалпақ әлем алдында қарабет болған АҚШ» (Ө.Кенжебеков. “Жас қазақ” газетінің сараптама айдарымен берілген материалынан. 20.02.2009).

Автор тіл безеудің соңынан түсемін деп, оқырманды өзінен аулақтатын қарадүрсін инвективада еркін көсілген. Мұнда тарихи шынайылыққа сай келмейтін, мазмұндық, мәдени-эстетикалық, тәрбиелік тұрғылардан алып қарағанда жібі түзу адам қабылдай алмайтын мәліметтер бар. Батысқа өшіктіріп қойған Кеңестік комшовинистердің айтағының жетегінде кеткен көксоқтаның ессіз абалауы, дамыған қоғамдарға қарсы құрғақ кіжінісі, бетімен лаға масайрауы бар. Өлшемсіз диатриба заманауи жастардың авторға да, басылымға да сүйсінісін тудыра алмайды. Олардың көбі келтірілген мысалдағы бірінші тіркесті (жиіркенішті сөздерден құралған) оқығаннан-ақ осы газетті лақтырып тастап жүріп кетуі мүмкін. Өйткені, сөз қолданыстағы талғамсыздық тіл үйренушіні өзінен кері итеретін функция атқарады.

3 – мысал: «ей, қайдан келдiңдер-ей?», «ей, сен кімсің-ей?», «ей, киноға барасыңдар ма-ей?»… (Тұрмыстағы сөз қолданыстан).

3 – мысалға түсінік: қаратпа шылауларды қолданып сөйлеу. «Ай», «ей» пішіндеріндегі малға қатысты айтылатын қаратулардың адамға қатысты қолданылуы ареальді лингвистика қағидаларымен түсіндіріледі. Малға қатысты қаратулар ауыл анклавында өмір сүріп, мал өсірумен айналысқан қазақ социумының лингвемасының ерекшеліктерінің бірі, аграрлы қоғам адамы тілінің шашыраған көпіршігі ретінде көрініс береді. Оларды адамға қатысты қолдануға болмайды, реципиентті өзінен итеруші фактор ретінде адресанттың қауышу мәдениетінің төмендігін айғақтайды.

9 – мысал және түсінік: Конфликтогендердің қолданылуы. Конфликтогендердiң үлкен бiр тобын инсультация түріндегі, адресатты кемсiтiп, мұқатып, белгiлi деңгейде оның арына немесе намысына тиетiн сөздер  құрайды.

Мысалы, «отырсың» деген бiр ғана сөздiң алдына «аңқиып», «таңқиып», «өңкиiп», «тоңқиып», «мәңiрейiп», «сәңiрейiп», «қоқайып», «шоқайып», «қалқиып», «жалпиып», «сүлкиiп», «сүлмiрейiп», «мыжырайып», «тыжырайып» «мыңқиып», «миқиып», «қиқиып» деп келетiн көмекшi етiстiктер қосылуы мүмкiн.

Қазақ тіліндегі сөз қолданыста жиі ұшырасатын пейоративтік лексиканың көрінісі. Мысалда келтірілген көмекші етістіктердің бәрінде адресаттың қадіріне тиетін коннотациялық реңк бар. Адамды кемсітуге бағышталған көмекші етістіктердің көп қолданылуы да ареалды лингвистика қағидаларымен түсіндіріледі. Қазақ халқының қоныстану ареалы мен кәсібінің ерекшелігінен туындаған әлеуметтік мешеулікті, тілді қолданушылардың жалпы мәдениетінің, талғамының төмендігін айғақтайды. Бұдан қазақ тілі адамды асқақтататын, оны жасампаздыққа шақыратын, жетілгендікті бейнелейтін сөздерге тапшы деген ұғым тумайды.

4-мысал:

«Ақыштың агрессиялық саясаты», «Тәуелсіз бақтарда жарияланды», «қазақша бақтардың таралымы нашар»,.. (телеберілімдер мен газеттерден).

Қазақша тіл қолданыс орфоэпиялық қателерге толы. Сөйлеушiнің сөздi, тiркестi немесе олардың құрауыштарын бұзып айтуы адым аттаған сайын  ұшырасады. Ауытқулар көбінесе телеберілімдерді жүргізушілер тарапынан жіберіледі. Баспасөзде істейтіндер де олардан қалыспайды. Аббревиатураларға қосымшалардың қосылуы қазақ сөзіндегі ең былықпалы буынға айналған.

Қазақ журналистері фоносемантикалық және фоностилистикалық талаптар дегендердің болатынынан хабарсыз. Олардың ақыш деп жүргендері – Америка Құрама Штаттары сөзінің  аббревиатурасы (а-қа-ша). Бақ деп жүргендері – бұқаралыық ақпарат құралдарының қысқарған формасы (бэ-а-қа). Мемлекеттің атауын атағанда құдалары мен құдағиларын шақырып отырғандай (Ақыш, Сақыш, Мақыш формаларында) самбырлайды. БАҚ туралы айтып отырғанын (баққа, бақтың,.. формаларында) басқа қонатын бақ па, әлде, үйдің артындағы алма өсіп тұрған бақ па, айыру қиын. Аббревиатураларға жалғанатын жалғаулар туралы ереже мен сөйлеу этикетін адыра қалдырып, екілене көпіргендері өткен ғасырларда өмір сүрген, жайлауда жүрген кәрі қойшылардың стилін еске түсіреді.

Бұл мысалдардан психологиялық фактордың ескерілмеуі айқын көрінеді. «Бұт», «бақ», «ақыш» формаларындағы қолданысқа қазақтардың құлағы үйреніп кеткені содай, осы аббревиатуралардың фонетикалық дыбысталу ережесі сақталып қолданылғанда, ол құлаққа жат сияқты көрінетін болған. Егер көпшіліктің құлағы ережелерді сақтап айтуға үйренген болса, онда ережеден ауытқи қолданыс ерсі болып көрінер еді.