2.3 Бұқаралық ақпараттың мазмұны мен сапасын жетілдіру жолдары

Қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары өзінің тарихи миссиясы – халықты ояту керектігін толық сезініп, тұшынуы керек.

Ғасырлар бойы ұйықтап келген халықты ояту тіл мәселесін шешуден, ол тілде жасалатын контентті дұрыс құра білуден басталады. Тіл проблемасы – бәрінен бұрын, қазақтілді журналистиканың проблемасы.

Қазақ халқының иммманентті мәселесі – ұзаққа созылған ұйқыдан оянбау құбылысының себептерін айқындауды, ояну керектігін бұқараға түсіндіруді, рухани летаргиядан арылудың пәрменді жолдарын көрсетуді қазақтілді БАҚ-ның өкілдері ант деңгейіндегі, төл міндеті ретінде қабылдап, соған сай әрекет ете білгенде ғана ол мәселе толық шешімін табуы мүмкін.

БАҚ халықты өзінің соңынан ертуге, қоғамдық сананы дұрыс жөнге салуға шын ниеттенген болса, онда контентінің құрамы мен мазмұнын іріктеудің тұлғаны қалыптасыруға бағытталған ұстанымын қалауы керек. Ол дегеніміз қоғамда болып жатқан құбылыстар мен үдерістерді шыншыл бейнелеу, оларды безендірмей, идеалдамай, объективті бағалау, ғылыми-дәйектілік сараптамалан өткізу, кемшіліктерді түбіне жеткізе көрсетіп, қорытындыны аяусыз жасап, соңғы таңдауды субъектінің өзіне қалдыру ұстанымдарымен жұмыс жүргізу тиістілігін айғақтайды.

Қоғамның рухани дамуында авангардті шептен көріну үшін қазақтілді БАҚ:

– өркениеттен бөлініп кетпеуге (ауылға кетіп қалмау, шаруаның соңынан ермеу);

– оқырманды ұстанымды тұрғысымен қызықтыруға;

– ынталы және құлшынысты болуға, артын күту тұрғысынан бас тартуға;

– таптаурындардан, үрдістіліктен, үстірттіктен, алдын ала қабылданып тасталғаннан аулақтауға;

– эфирді рентабельді бола алмайтын берілімбермен, қоғамға пайдасы болмайтын ақпараттармен – жергілікті артистердің концерттерінің сапасыз жазбаларымен, ескі фильмдерді, шетелдік сериалдарды қайталаумен толтырмауға, оның өзін түнгі сағат 12-ден 6-ға дейінгі аралықта, әйтеуір қазақ тілінде ақпарат таратуға бөлінген 50 %-дық міндетті уақытты толтыру үшін қосып қоймауға міндетті.

БАҚ контенті заманауи адамның, индустриялы қоғам өкілінің, соның ішінде орыстілді азаматтың рухани қажеттіктерін өтей алуы, мұны білмесе өзін компетнттігі қоңылтақсып қалатындай деңгейден көрінуі керек. Қазақтілді БАҚ-ларда орыс тілінде жарияланып жатқанның бәрі, дер кезінде табылуға тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралдары контентін жетілдіру жұмыстары төмендегі бағыттарда жүргізіледі:

1. БАҚ сыртқы саясатта:

– Қазақстанның заманауи өркениеттегі жетекші орында келе жатқан Батыстың демократиялық қоғамдарының өрлеу үлгісімен жаңару жолын таңдап алуын қолдайды;

– Қазақстанның және өзге посткеңестік республикалардың мемлекеттік тәуелсіздігін алуының алғышарттарын, ол үдерістердегі Батыс қоғамдарының шешуші рөлін көрсетеді;

– АҚШ бастаған Батыс өркениеттеріне бұқараны қарсы бағыттаудан бас тартады, Батыс демократтарының жер шарындағы өркениеттің прогресі, халықтардың еркіндігі мен теңдігі үшін кұрес жүргізіп келде жатқанын, Қазақстанның дамыған қоғамдарға сенімді әріптес болып, болашақ конфигурациясын солармен бірге құруға тырысуы қажеттігін, Батысқа қарай жасалған әр адымның – тәуелсіздіктің сақталу кепіліне жасалған адым екенін бұқара санасына жеткізеді;

– Ресей, Қытай және өзге көршілес авторитарлы елдермен Қазақстан арасындағы байланыстардың мазмұнын ашады, олармен экономикада дәстүрлі байланыстарды жалғастыру, саясатта белгілі дистанцияны сақтай отырып қатынас сұлбасын анықтау қажеттігін, Қазақстанға әр қашан да қауіптің Солтүстік пен Шығыстан төнгенін, қазір де солай болып отырғанын үнемі ескертеді;

2. БАҚ ішкі саясатта:

– әр азаматтың саяси-құқықтық мәдениетін үнемі көтеруі, саясатпен айналысуы, түрлі саяси қозғалыстарға, науқандарға белсене қатысуы, саяси партияларды, олардың ұстанатын бағыттарын салауатты саралай алуы, өз еркімен дұрыс таңдау жасай білуі, Қазақстанда азаматтық қоғам құру үдерісіне атсалысуы, өз тұрғысын дұрыс қалап ала білуі қажеттігін бұқаралық санаға орнықтырады;

– адам еркiндiгі, азаматтардың заң алдындағы теңдiгі, ашықтық идеяларын кең таратады және үнемі нәсихаттайды;

– тұрғындардың саяси белеснділігі мен әділетті қоғам ұғымдарының арасындағы тығыз байланыстың бар екенін уағыздайды, билікке татымды адамдардың келуін қамтамасыз ету жолдарын көрсетеді;

– шыншыл және пайдалы ақпарат беру арқылы халықтың сеніміне ие болады, ақпараттың дәйектілігі мен дәлдігін мұқият қадағалайды, басылымдарда заманауи адамның түсінігіне жақын рухани құндылық бола алатын мазмұн болуын қадағалайды;

– пікір алуандығын қуаттайды, белгілі бір мәселе төңірегінде қарама-қарсы пікірлерді жариялай отырып, қоғам мүшелерін дискуссия жүргізуге, мәдениетті пікір таласқа, өткір проблемаларды көтере отырып, түрлі көзқарастарды талқылауға, ол үдерісте азаматты ешкімнен жасқанбай, ойын ашық жеткізе алуға үйретеді;

3. Әлеуметтік саясатта БАҚ оқырмандарды:

– индустриялы қоғамның құндылықтарына ден қоюға – өндіріске, ғылымға, техникаға, технологияға бет бұруға;

– ауылды құтқару тетігін қаладан іздеуге – ауыл тұрғындарының күшін пайдаланып, оларды өндіріске тартуға, ауылға жақын орналасқан шағын қалаларда ауыл тұрғындарының қолындағы шикізатты өңдейтін тамақ және жеңіл өнеркәсіп орындарын салу арқылы азық қауіпсіздігі мәселесін кейінге ысыруға, елді экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз етуге, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің шынжырлы реакциясымен өзге салалардың жылжуын қузаулауға;

– ауыл адамының көңілін аулауға тырысумен, оның ілтифатына бөлену үшін, бәрін оның көзімен қарап бағалаудан аулақ болуға;

– қалалық оқырманның талаптарына, қызығушылықтарына ыждаһаттықпен қарауға шақырады.

4. БАҚ рухани аяда:

– заманауи адамның, әлеуметтік белсенді және қажырлі тұлғаның менталитетін тәрбиелеу, тәубешілдік немесе шүкіршілдік меңдеген әлеуметтік-психологиялық келеңсіздіктерді кейінге ысырырп, адамдарды заманауи Қазақстанның мүмкіндіктеріне орайлас амбициялылыққа тәрбиелеу;

– кемшіліктердің себептерін өзінен іздеу, «неге біздің жазғандарымыз орыстілділерді қанағаттандырмайды»? деген сұрақты сұрақты алдыменн өзіне қоя білу, кінәліні өзгелер арасынан іздеуді доғару;

– журналистің бұқаралық сананы бұрмалаушы құралға айналып кетпеуі; нағыз кесір халыққа таза емес күштердің рупорына айналып алған журналистер арқылы келетіні (прогресшіл күштердің әректтеріне күйе жағумен айналыспау; өзінің дәйексіз ақпаратымен, сәйкессіздігімен, айғақтарды құбылтуымен, бұқараның көз алдында беделін түсіру үшін прогресшіл күштердің әрекеттерін бүлінген сипатта ұсынудан бас тарту; ұлттың рухани дамуына кесір келтіргені үшін, қоғам алдында және келешек ұрпақ алдында журналист қатаң жауапқа тартылуы);

– өзінің ұстану ережелерін, этикалық абрисін анықтап, құрып алады.

5. Мәселе талқылау және дискуссия жүргізу тұрғысында БАҚ:

– «тұрпатты ауруы» – жұмыс берушінің қолайына жақпаған мәселені талқылауға жібермеуге тырыспайды, пікір таластырушыларға тең мүмкіндік жасайды;

– авторитарлық қоғамдарда ұшырасатын «білгендер сөйлемейтін, сөйлегендер білмейтін» ахуалдың қалыптасуына жол бермейді, билік иелеріне жағынуға тыорыспайды;

– бөгде ойларды талқылаудан жалтармайды, талдаусыз, ғылыми бағалаусыз олардың авторына жақтырмай қарамайды, қолайға жақпайтын пікірлердің авторларымен аргументтелген, ұстанымды дискуссия жүргізеді;

– өзінің ангажирленген баспасөздің өкілі екенін танытып, жалдаған күштердің тұрғысын алдын ала ашық жақтауға шықпайды; қарсы пікір айтушыға күйе жағуға тырыспайды;

6. Кейбір жалпы мәселелер хақында СМИ:

– саяси және ғылыми дәйектелмеген материалдарды жарияламайды, сілтемелерде, түрлі тұжырымдарды талдауда, статистикалық мәліметтерде қате жіруге жол бермейді;

– геремневтикалық бұлдырлықтан – тұрақтылық және сақтаудан азат болуға, өзгеру және динамикалы даму ұғымдарын алға шығаруға тырысады;

– журналистер квалификациясын шұғыл көтерумен айналысады (ол үшін алдымен ЖОО-лардың журналистика факультеттерінің білім беру бағдарламаларын қайта қарау және жетілдіру керек;

– халықты тосын ойларды, прогресшіл идеяларды қабылдауға үйретеді, таптаурын трюизмдерді қайталай беруден аулақтату бағытын ұстанады.

* * *

Баспасөз контенті белгілі бір алгоритммен құрылуы керек. Қазақтілді басылымдардың редакторларына қоғамның даму үдерісінде болып жататын құбылыстарды мазмұнның толықтығы ұстанымын бетке ұстай отырып сипаттау әдісі ұсынылады.

Мазмұнның толықтығы контентті құрайтын үш компоненттің міндетті орын алуынан көрініс береді. Ол компоненттер төмендегідей үш сұраққа берілетін жауаптармен айқындалады:

– не болып жатыр?

– не себептен?

– не істеу керек?

Біріншісі сұрақтың жауабында болып жатқан құбылыс шыншылдықпен сипатталады; екіншісі сұрақтың жауабында құбылыстың орын алуының себебі анықталады; үшіншісі сұрақтың жауабында мәселенің шешілу амалдары көрсетіледі.

Орын алу себебі мен мәселенің шешілу жолдарын көрсетпей, келеңсіз құбылыстарды мұңлы сарында, күңірене жазуды жалғастыра беру оқырманды негативті эмоциялық күйге түсіреді. Мысалы, газет «мәдениет тоқырады, тіл мәртебесіне сай дамымады, ауыл азды, әлеумет құлдырады, қытай басынды»,.. деп зарлай берсе (яғни, бірінші сұраққа ғана жауап берумен шектелсе), онда оқырман да осы рухани абақтының тұтқынына айналады: келешегінен түңіледі, еңсесі түскен күн кешеді. Сөздің материалдануы жүзеге асырылады: оқырман солай болып жатқанын және бола беретінін мойындайды, ақыры, өзін соған бейімдей бастайды, өзі де солай болғызатын механизмнің бір тетігіне айналып алып, жеңілуді өз қолымен белсенді жасасуға кірісетін болады. Әлеуметтік бейімделудің шарттылығы сондай, бұған өзгелер қосылады, түбінде, бүкіл ел өзі ештеңе тындыра алмайтын, тек келеңсіздіктерді зарлап айтып жүрушіге айналады. Қазіргі қазақтар осындай өз мәселесін өзі шеше алмайтын, алға жылжуды ұйымдастыра білмейтін, келешегінің не боларын аңғармайтын, өз тағдырын өз қолына ала алмайтын, бейкомпетентті күйді бастан кешуде.

Бұқараны негативті әлеуметтік-психологиялық кешенге көміп тастамау үшін баспасөз төмендегідей сүрлеумен мазмұн толықтығын жүзеге асыруы керек.

Мысал:

«Қытай қазақтың мұнайына қол салды», «арзан және сапасыз тауарымен базарды толтырып, жергілікті өнеркәсіпті нарықтан ығыстырды», «экономикалық үстемдік орнатты, хуацяо құрып жатыр» (мерзімді баспасөзден).

Бұл – мазмұндық компонент «А», не болып жатыр деген сұрақтың жауабы. Қазақтілді басылымдар әзірше осы «А» компонентті ғана құрумен айналысып жүр.

Осы құбылыстың «Б» мазмұндық компоненті (не себептен?) былай пішінделуі керек: Қытай бұл әрекеттерінің бәрін күшпен істеп жатқан жоқ, ештеңемізді тартып алған жоқ, ала алмайды. Қытайдың бұл басынуларына жол беріп отырған өзіміздің үкімет. Қытайлар лауазымды адамдарға пара беріп, бар басынуларын солардың рұқсатымен жасап жатыр.

Қазақтілді басылымдар «Б» мазмұндық компонентті сирек құрады. Көпшілігі құбылыстың себебін ашуға тырыспайды.

Мазмұндық компонент «В» (не істеу керек?): Қытайдың басынуына тосқауыл қою үшін парақор үкіметті ауыстыру керек. Билікке әділетті, отаншыл адамдардың келуін қамтамасыз ету керек. Мұндай міндетті жүзеге асыру Қазақстан халқының, әр азаматтың (соның бірі – оқырманның өзі) өз қолында. Демек, бәрі өзіміздің саяси-құқықтық сауатты әрекетімізге, әлеуметтік белсенділігімізге тәуелді.

Мінеки, бар кілтипан осында – қазақтілді басылымдардың «В» компонентті құра алмауында. Баспасөз бұқараның алдына шығуға, оның саяси-құқықтық сауатын көтеруге, жауапкершілікті оқырманның өзіне артуға, оны ойландыруға, белсенді әрекетке итермелеуге бара алмай жүр. Оған интеллектілік қауқары жетпей жүр.

Баспасөз өзінің «бірінші билік» ретіндегі – бұқаралық сананы билеп алу функциясын атқара алмағандықтан халық бұйығы, сауатсыз, пессимист болып қалып отыр. Қазіргі қазақ сондай – басындағысын зарлап айтудан басқаға бара алмайтын, рухани қортыққа айналған. Езгі болса – төзе береді; қуғын боса – қашады; қырғын болса – қырыла береді. Не істеу керек екенін білмейді.

Журналист газетке жазып отырған әр материалында аталған мазмұндық компоненттердің толықтығын қамтамасыз етуге міндетті. Келеңсіз құбылыстың орын алу себебі мен оның алдын алу шарасын көрсете алмаған материал оқырманды амбивалентті күйге түсіреді, шатастырады, әлеуметтік бейшараға, бұйығы индивидке айналдырады. Оқырман ешқашан белсенді тұлға деңгейіне көтерілмейді.

«А-ны» айтқаннан кейін, міндетті түрде «Б-ны», сонан соң «В»-ны айт. Айта алмасаң – мүлдем үндеме. Жартылай шындық – жалғаннан жаман.

Қазақтілді редакторлар өздерінің ғасыр бойы отарлық тәуелділікте болған, оянбаған елдің азаматы екенінен, «білімді» ауыл мектебінен алғанынан, үнемі қателесіп жүретінінен өзінше қорытынды шығара білуі керек. Бәрін отарлық тарих соқпақтарына жауып, «менталитетіміз сондайға» салынып, өркениеттің соңынан салпаңдай беруді қою керек. Ол үшін санада рефлексия жасау керек. Әркім өзін өзі оқытуы керек. Өзінің надандығына жиһад жариялауы керек. Жөні түзу мектептен тәлім ала алмай, білімді өздігінен алған ұлылардың тәжірибелері жеткілікті. Қазіргі ақпаратты қоғам жағдайында білімді өздігінен алудың еш қиындығы жоқ. Университет бере алмайтын білімді үйде отырып-ақ алуға болады.

Б. Алгоритм туралы

Қазіргі қазақ тілін үйретушілер ескермей жүрген мәселелердің бірі – атқарылатын істердің реттілігін, ғылым тілімен айтқанда, алгоритмін табу болып отыр. Тіл жанашырлары интернетке қатысты қолданылатын сөздер мен терминдерді аударумен, ұялы телефондарда қазақ тілін орнықтырумен айналысуды ұсынады,.. Соңғы онжылдықтарда осындай «игі» талпыныстардың талайы көрініс беруде.

Мұндай ұсыныстардың ниеттік тұрғыдан ғана дұрыс екенін аңғару қиын емес. Бұларды келешекте жүзеге асырылады деп үміттену лазым. Ал қазір іске асырылмайды. Гәп мынада: қазіргі кезде біз индустриялы қоғамда әрекет ететін әдеби тіл ғимаратын салмақшымыз. Ғимарат салудың алгоритмі мынадай: алдымен жоба сызылады, сонан кейін материал жиналады, келесі кезекте іргетас қаланады, сонан кейін ғимараттың  қабаттары ретімен қаланады.

Осындайда, қатар тұрған орыс, ағылшын тілдерінің ғимараттарын көрген қазақ олардың он тоғызыншы немесе отыз жетінші қабаттарындағы жарық бөлмелері мен әсем безендірулерін көріп келіп, біз де сөйтейік деп, «жақсы” ұсыныстарын ортаға салады. Кейбіреулер бұған құлшынып кірісіп те жүр. Олар жоғарғы қабаттардағы әрлеу жұмыстарын жасау үшін төменгі қабаттар салынып бітіп тұруы, демек, қай істің алдымен, қай істің соңынан істелуі керектігін ескермейді.

Қоғамдық ауқымдағы ұлы істі тындыру үшін алдымен оның теориялық негізін қалап алмай, әркімнің айтып жүргендерін практикаға енгізуге кірісуге болмайды. Алдымен тұжырымдама жасалуы керек. Сонан кейін, ол тұжырымдама негізінде заң, сонан кейін, заңды бетке ұстаған бағдарлама қабылдануы керек. Тек содан кейін ғана, заңның әр әрпін қадағалай отырып, бағдарлама бойынша әрекетке кірісу керек.

Қазақ тілі үшін бірінші кезекте атқарылуға тиіс шаруа – индустриялы қоғамның әдеби тілі теориясын жасау. Оны жасау үшін тілге қатысты айтары бар мамандармен келісе отырып, оның стратегиялық бағытын ғылыми тұжырымдама деңгейінде айқындап, үкімет деңгейінде бекітіп алу керек. Келесі кезекте тұжырымдамалық қағидалар бойынша заңға өзгерістер енгізілуі немесе жаңа заң қабылдануы керек. Ақырында заңға сәйкес бағдарлама қабылданып, әрекетке кірісу керек.

Бұл тұста алдыңғы кезекте тіл лексикасын ретке келтіру, толықтыру, сонан кейін семантикалық жүйені жетілдіру, солар арқылы қазақ тілі контентінің (көркем өнер туындыларының, баспасөздің, орта және жоғары оқу орындарында берілетін білімнің) сапасын жетілдіру, қазіргі заман адамының рухани сұранысын қанағаттандыратындай деңгейге жеткізу керек. Сонан кейін қазақ тілін виртуал кеңістіктің кез келген координаталарынан тауып алуға болады.