2.2.2 Аграрлы және индустриялы қоғам адамдарының лингвемалары және олардың арасындағы айырмашылықтардың тіл үйренуге ықпалы
Бұған дейін қазақ тілінің өмірлік практикада қолданылу үдерісін оның өркениеттің даму баспалдағында және қызмет ету ареалында қалыптасқан тарихи-әлеуметтік жағдайларды ескере отырып зерттеу жұмыстары жүргізілмеді. Тіл мәселелері ареалды және функциялық лингвистика қағидалары тұрғысынан талданбады. Қазақ тілінің дағдарысын тудырып отырған себептердің келесі шоғырын зерттелмеген, лингвистика ғылымы аяқ артпаған осы алаптардан іздеу керек.
Қазіргі қазақ тілінің өркениеттің даму сатысындағы жайғасқан баспалдағындағы күйінен туындап отырған түйткілдың сыры мынада: қазақ халқы омырылып түскен өркениеттің аграрлы қыртысында өмір сүріп жатыр. Осыған сәйкес, қазақ тілі де аграрлы қоғамның тілі сапасында қалып отыр. Бар әурешілік осыдан – аграрлы қоғамның бейнелі тілін индустриялы қоғамда стандартталған тіл атқара алатын іс жүргізуге икемдей алмаушылықтан туындап отыр.
Қоғам дамуының кезеңдік тұжырымдамасы арқылы бұл құбылыс былай түсіндіріледі: тіл иесі болып отырған халықтың жайғасқан ареалы – ауыл, өмірлік тіршілігі – мал шаруашылығы, лексикасы ауыл шаруашылығы мен тұрмысты сипаттайтын бірліктерден тұрады, тіл қолдану практикасындағы белең алып отырған форма – тұрмыстық стиль. Ал қазрігі Қазақстан – индустриялы-аграрлы қоғам. Ондай қоғамда іс жүргізуге лексикасы қала өнеркәсібін сипаттайтын сөздерден тұратын стнадартталған тіл керек.
Бұл зерттеулерде шартты түрде алынып отырған «аграрлы қоғамның тілі» ұғымы аграрлық укладты қоғамда қолданылатын, ауыл шаруашылығында үстемдiк жүргiзе алатын, жалпыхалықтық тіл дегенді білдіреді. «Индустриялы қоғамның тілі» деп отырғанымыз – өнеркәсiбi, ғылымы, техникасы дамыған қоғамда әрекет ететiн, іс жүргізуде, технологиялық үдерiстердi басқаруда қолданылатын, стандартталған тіл.
Аграрлы және индустриялы қоғамдардың тiлдерiнiң арасында тарихи дамудың мазмұнымен айқындалған елеулі айырмашылықтар бар. Ол айырмалардың болуы ареалды және функциялы лингвистика қағидаларымен түсіндіріледі. Аграрлы және индустриялы қоғамдардың тiлдерiнiң лексемаларының басым бөлiгi, тиiсiнше, мағыналық жағынан сол қоғамдардағы өмiр шындығын бейнелейтiн тілдік бегілерден тұрады. Демек, аграрлы қоғамның тiлi ауыл шаруашылығында, тұрмыста қолданылатын сөздерге, ал индустриялы қоғамның тiлi өнеркәсiптi, технологияны, қала тұрмысын бейнелейтiн сөздерге бай болады. Тілдің сөздік қорына семантикалық анализ жасау арқылы оның контентінің мазмұны мен сапасын, алып жүретін рухани жүгінің ауқымы мен салмағын білуге болады.
Айырмалар аграрлық және индустриялы қоғамдардың тiлдерiнiң сөз саптау стильдерiнен, зерттелiп отырған тiлде таратылатын ақпарат кеңiсiтiгiне шығарылған материалдардың мазмұнынан – тіл контентінен көрiнiс табады. Қарастырылып отырған тiлде таралатын белгiлi бiр әдебиеттер тобына, мысалы, көркем әдебиетке немесе бұқаралық ақпарат құралдарының материалына немесе орта және жоғары оқу орындарында оқытылатын тiл, әдебиет және басқа өнер пәндерiнiң оқулықтарына енген материалдарға тақырыптық анализ жасау арқылы контенттің агротроптылығы немесе индустриялылығы айқындалады. Осы айырмашылықтардың қарама-қарсылықтарға апарып соқтыру жағдайлары қазiргi қазақ тiлiнiң қолданылу практикасынан үнемi ұшырасып отырады.
Бұл тұста, алдымен басын ашып алатын бір сұрақ бар: аграрлы қоғам тілінің индустриялы қоғамда іс жүргізуге қарымының жетпей қалуының себебі неде? Аграрлы қоғам тілінің лексикасының кедейлігінде немесе оралымсыздығында ма?
Жоқ, әрине. Аграрлы қоғамның тілі кедей, индустриялы қоғамның тілі бай деген түсінік нағыздыққа жанаспайды. Қоғамдар аграрлы баспалдақтарда тұрған кезінде қызмет еткен тілдерде де ғылым мен мәдениеттің теңдесі жоқ үлгілері жасалған. Асқақ поэзияның, адам өмірінің терең қойнауларында болып жатқан құбылыстардың сырларын ашқан қилы романдардың, ширыққан тартысқа толы драмалардың пайда болуы сол кезден басталды. Қазіргі алдыңғы қатарлы өркениеттердің ғылымдағы, техникадағы, технологиядағы жетістіктерінің бәрінің негізі олардың сол орта ғасырлардағы, дамудың аграрлы баспалдақтарында өмір сүріп жатқан кездерінде қаланған болатын.
Қайшылық атаулының бәрi толып жатқан қарама-қарсылықтардан тұратыны белгiлi. Бұлардың кейiнгiлерi – алғашқысының құрамдас бөліктері. Қазiргi қазақ тiлiнiң онтологиялық күйiн қарама-қарсылықтардың шоғыры ретiнде көз алдыға елестетуге болады. Ол қарама-қарсылықтар негiз құраушы ұстанымдардан – дамудың түрлi баспалдақтарында тұрған қоғам мен тiлдiң арасындағы қақтығыстардан өрбiп жатады және тiл грамматикасынан ғана емес, ол тiлде жасалған мәдениеттен, тiлдiң субъектiмен арақатынасынан, рухани аялардағы өзге субъектілермен байланыстарының бәрiнен көрiнiс тауып жатады.
Индустриялы қоғамда аграрлы қоғам тілінің алдынан шығатын қиындықтардың тууының басты себептерінің бірі – ол тілде индустриялы қоғамда іс жүргізуде қолданылатын тіл корпусының дұрыс жасақталмауынан. Бұл құбылыстың сырлары ареалды лингвистика қағидаларымен ашылады.
Кеңес билігі жылдарында қазақ тілінің өмір сүру ареалы – қазақ ауылдары болды. Рас, ауылдарда газет-журнал және теледидар арқылы ақпарат таратылып жатты, кітаптар сатылды, мектеп жұмыс істеді, балалар қазақ тілінде сабақ оқыды. Алайда, бұлар тілдің қоғамдық прогреспен қабыса дамуын қамтамасыз ете алмады. Өйткені, қазақ тілі өзінің атқаруға тиісті төл функциясымен 50-ден астам қоғамдық өмір аясының 10-ында ғана көріне алды. Бұған қоса, қазақ тілінің қызметі толыққанды емес, ішінара сипатта, тіл анархиясы мен тіл аномалиясы жағдайында атқарылды, оның қызметі стихиялы ағысқа жіберілді, шектен шығып кеткен лексикалық, семантикалық, синтаксистік девиациялық қолданыс жағдайында өтіп жатты. Осылай, ауыл адамының өзіндік ерекшелігі, сөздік қоры және оны қолданып сөйлеу тәсілі бар – имманентті лингвемасы пайда болды.
Қазақ ауылы адамының лингвемасымен сөйлеу деп негізінен мал шаруашылығы мен ауыл тұрмысы жайлы ақпараттарды, гуманитарлық, ішінара әлеуметтік-саяси мәтіндерді жалпақ тілмен (тұрмыстық стильде), тұрлаулы-тұрлаусыз мүшелері толық емес сөйлемдермен, үзік тіркестермен, бірдің басын, екіншінің аяғын шалып, қыстырмалатып, ұғымдар мен атауларды шатастырып, бірінің орнына екіншісін қолданып, әйтеуір бірдеңені айтып шығуды айтамыз. Ауыл қазағының лингвемасында гипербат формасындағы қолданыстар, тавтологиялар, агнонимдер жиі ұшырасады, алогиялық тіркестер, орысша-қазақша гибридтер, перегринизмдер, макаронизмдер, плеонастикалық элементтер, паразит сөздер, зоонимиялық метафоралар, ресми мәтіндегі коллоквиализмдер де толып жүреді. Қазақ тілінің трансцендентті қолданыс тіліне айналу айғағының өзі оның ауыл адамының лингвемасына айналғанының көрінісі болып табылады. Осы зерттеулердің 1.1, 2.1, 2.3, 2.4, 2.5, 2.6 тармақтарында келтірілген тіл қолданыс үдерісінің басқарусыз, толық анархияға жіберілуінің, тіл аномалиясының қазақ тілінің кеңістігіндегі қалыпты құбылсқа айналуының мысалдары ауыл қазақғы лингвемасының да тұрпатты үлгілеріне жатады.
Анығырақ көз алдыға келтіру үшін, төмендегі кестеде аграрлы және индустриялы қоғам адамдарының лингвемаларындағы тұрпатты айырмашылықтар салыстыра көрсетілген.
Аграрлы және индустриялы қоғам адамдарының лингвемаларындағы айырмашылықтар
Кесте, № 10
Индустриялы қоғам адамының лингвемасымен сөйлеу үлгісі (орыс тілінде) | Индустриялы қоғам адамының лингвемасымен сөйлеу үлгісі (қазақ тілінде) | Аграрлы қоғам адамының лингвемасымен сөйлеу үлгісі (қазақ тілінде) |
Преступник задержан | Қылмыскер ұсталды | Қылмыскер ауыздықталды (құрықталды; тұсалды; ноқталанды) |
Дети пошли в школу | Балалар мектепке барды | Жас бүлдіршіндер мектепке барды |
Собрались лидеры политических партий | Саяси партиялардың жетекшілері бас қосты | Саяси партиялардың серкелері бас қосты |
В министерстве осуществлена ротация кадров | Министрлікте кадрлар ауыстыру жүзеге асырылды | Министрлікте ауыс-түйіс болды |
Институт отметил День Конституции | Институт Конституция күнін атап өтті | Институт Ата заңы күнін тойлады. |
Студенты прздновали Женский День – 8 марта | Студенттер 8 наурыз – Әйелдер күнін мерекеледі | Студенттер 8 наурыз – Әйелдер күнін тойлады |
Үшінші бағанда келтірілген үлгілердегі кейбір сөздердің мағыналық сипаттамалары мынадай:
1. «Қылмыскер ауыздықталды» (күнделікті баспасөзден).
Журналистердің ареалдық лексика туралы түсініктерінің болмауынан, қала және ауыл лингвемаларының арасындағы сипатты айырмашылықтарды көре алмауынан, тіл корпусын дұрыс жасақтамайды. Солардың салдарынан қазіргі заман адамы үшін қабылдауға қиын аударма жасалған.
Журналист қылмыскердің ұсталғаны туралы хабарлағанда оны «ауыздықталды», «тұсалды», «құрықталды», «ноқталанды» деп, әр ретте түрлендіріп беруге тырысады. Онысын әдебилетіп, өзгеге ұқсастырмай сөйлеудің үлгісін көрсетіп отырғаным деп есептейді. Ал тіл үйренуші қала адамы үшін мұнысы шатастырудың таптырмас амалы болып шығып отырғанын аңғармайды. Өйткені, журналист өзінің тіл корпусын құрғанда жиілік ұстанымына жүгінбейді, қала өмірінде мүлдем қолданылмайтын сөздермен көпіреді. «Бейнелі» қолданып отырғандарының бәрі – ауыл лингвемасынан алынған, малға қатысты сөздер. Олардың әр қайсысын қалалықтың санасына жеткізудің өзі белгілі күшті, уақытты, әдістемені қажет етеді.
Айталық, мұғалім оқушыға ауыздық дегеніміз – жүгеннің бір құрауышы (бұл жерде алдымен жүгеннің не екенін түсіндіріп алу керек) екендігін, оның металдан жасалатынын, пішінін, аттың аузына салынып, езуінде ұсталатынын, атты адамның еркіне толық бағындыру функциясын атқаратынын түсіндіреді. Осыдан кейін ауыздық дегеннің не екенін, ауыздықтау дегеннің қандай мағынада айтылып тұрғанын оқушы толық ұғып ала ала ма?
Оқушы бұл сөздің мағынасын сол жерде – сыныпта ұққан сияқты болғанымен, оны есінде сақтай алмайды, мектеп ауласынан шықпай-ақ ұмытады. Өйткені, бұл тіркес практикалы емес. Қалалықтар, тек қалада ғана емес, көптеген ірі елді мекендердерде тұратын балалар мен жастар күнделікті сөйлеу практикасында ауыздықпен (құрықпен, ноқтамен) ұшыраспайды, тұрмыста қолданбайды. Олар жұмысқа атпен бармайды, күнде ат ауыздықтамайды (құрықтамайды, ноқталамайды). Сондықтан қала баласы оны жадында сақтамайды. Ақыры ол «преступник задержан» деген тіркестің қазақшасын бәрібір айта алмай, мектеп «бітіріп» кетеді. Осы ойды білдіру керек болғанда, ол іс жүзінде «преступникті задержать етті» дейтін болады.
Қазақстанда қазақ тілін үйренудің және үйретудің ерекшелігі – оны бұған дейін тілі орысша шыққан адамның үйренетіні. Демек, тіл үйретуші «қылмыскер ұсталды» деген денотаттың бұған дейін орыстілді азаматтың санасында «преступик задержан» деген сигнификатпен орнығып алғанын естен шығармауы керек. Сондықтан, тіл үйренушіге «ұсталдының» түбірі – «ұста» – «держать» (одан «задержан») дегеннен бастап түсіндіргенде ол тез қабылдайды. Түпкілікті себепті бұл жерде орыс тілінде сөйлейтін, қала адамының лингвемасындағы «задержан» сөзіне қазақ тілін үйренуші қала адамының лингвемасынан орын алатын «ұсталды» сөзінің узустық мағынасының сәйкестілігінен, ал ауыл адамының лингвемасындағы «ауыздықталды» сөзінің сәйәкестілікте бола алмайтынынан іздеу керек.
2. «Жас бүлдіршіндер мектепке барды” (күнделікті баспасөзден).
Мұнда қазіргі заман адамы қабылдай алмайтын екі үлкен кілтипан бар. Біріншісі – «бүлдіршін» зооморфемін балаларға қатысты қолдану. Өте жиіркенішті қолданыс. Қазақта «бүлдіршін көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбес еді» деген ахуалды білдіретін бейнелі сипаттама бар. Бүлдіршін – қаю шағына жеткен түйенің ұрғашысы (қойда – тұсақ, жылқыда – байтал, сыйырда – құнажын сияқты). Буыршын – қашыру (ұрық бере алатын) шағына жеткен түйенің еркегі. Мәтел қыз өзі қылмыңдамаса, жігіт оған ұмтылмас еді дегенді білдіреді. Екіншісі – тавтологиялық қисынсыздық (кәрі бүлдіршін болмайды).
Қазақ тілінің сөздік қоры «бүлдіршінсіз» де бала атаулыны жасының өсу кезеңдері мен жынысына қарай жіктеп атап беруге жетерлік. Мысалы: нәресте, сәби, бөпе (қызға қатысты), бөбек (ұл), балдырған, ұлан, балғын, қыршын, сығыр, жасөспірім, бойжеткен (қыз), бозбала (ұл),..
3. “Саяси партиялардың серкелері бас қосты” (күнделікті баспасөзден).
Бұл ауыл қазағының лингвемасында қолданылатын зооморфемалық метафора, аға ұрпақ өкілдерінің құлағына жағады, олар үшін бәрі түсінікті, осылай сөйлеу керек сияқты. Ал «серкеде» қала адамы қабылдай алмайтын коннотациялық түйткіл бар. Қала адамы «серкенің» ешкінің піштірілген еркегі екенін, қойды ет комбинатының қорасына бастап апаратын жексұрын функция (козел-провокатор) атқаратынын біледі. Орыс тілінде бұл сөз біреуді балағаттағанда қолданылады. Саяси ұйымның жетекшісіне қатысты қолданылғанда бұл сөз қала адамын тітіркендіреді, оны ыңғайсыз күйге түсіреді.
4. “Министрлікте ауыс-түйіс болды” (күнделікті баспасөзден).
Коллоквиализмнің ресми ақпаратты жеткізуде қолданылуы. Қазақ түсінігінше «ауыс-түйіс» ағайынды адамдардың бірі екіншісінің ұлына тай мінгізгенде, екіншісі біріншісінің қызына тайлақ жетектеткенін білдіреді. Бұл тіркестің индустриялы қоғам адамының орнықты лингвемасымен қабыспайтын үш кемшілігі бар: біріншісі – өзінің мағыналық жүктемесі бар, бұл жерде ауыспалы мағынада тұр. Екіншісі – қос сөз. Үшіншісі – ресми ақпаратты бейнелі сөздермен, коллоквиализмдермен беруге болмайды.
Қазақ тілінің кеңістігінде, тіл аномалиясы жағдайында өмір сүріп жатқан осындай қолданылым тұрпаттары қазақ тілін меңгерілмейтін тілге айналдырып отыр. Қазақ тіліндегі ақпараттың мазмүнын адресантқа адекватты жеткізу үшін сөйлеуші үшінші бағандағы келтірілген үлгіден бас тартып, екінші бағанда келтірілген үлгіге ауысуы керек.
Санасы өзге, орнықты тілдерде берілген конструкцияларды сіңіруге үйренген тіл үйренушілер аграрлық қоғам адамы лингвемасымен сөз саптау стиліндегі шашыраған ойларды меңгере алмайды. Қазақ журналистері қолданып жүрген сөз саптау үлгілері қазіргі жас адамның санасындағы үйреншікті семантикалық жүйемен қабыспай жатыр.
Айтыскер ақынның немесе ауыл ақсақалының тұрмыстағы құбылыстарды сипаттағандағы ділмарлығы қазіргі ұрпақ өкіліне түсініксіз. Оның байыбына бара алмаған ауыл қазағы қалалықтар неге біздің стилімізді қабылдамайды, меңгермейді деп жанкешті әрекеттерге ұрынуда. Заманауи ұрпақтың өмір сүріп жатқан ортасы, қылып жүрген кәсібі, айналадан естіп жүрген сөзі, көріп жүрген өнегесі, бәрі басқа. Олардың ойлауы аға ұрпақтікінен өзгеше, соған сәйкес дүниені қабылдайтын семантикалық жүйесі басқа. Сондықтан, табандаған өзімшіл үлкен ұрпақтың жастарға “менше неге сөйлемейсің”, “маған ұнаған саған неге ұнамайды» деп ренжуінде негіз жоқ. Аграрлы қоғамда қолданылып келген семантикалық қойыртпақты индустриялы қоғамда өзгертпей қолдану заманауи жастардың орыс тілін қолдану практикасында орныққан қабылдау жүйесімен қабыспай, қазіргі қазақ тілін үйрене алмайтындай деңгейге түсіріп отыр.
Ауыл адамының лингвемасымен берілген ақпаратты орысшаға аудару да қиын, көпшілік жағдайда, мүлдем аударылмайды. Аударылмайды деген сөз – ұғылмайды деген сөз. Мына бір мысалға назар аударып көрейік: «Идеология – дүниетаным, ой-санамыз. Ой-санамыз түзу болса, түзу жолмен жүреміз» деп жазады қазақ филологы, профессор М.Мырзахметұлы (Мемлекет ваххабиттердің аяғын тұсамаса, олар мемлекеттің аяғын тұсайды. // Жас Қазақ үні, 14-20.10.2011). Орыс тілінің көмегімен ажыратқанда ой – мысл; сана – сознание. Ал екеуін қосып айтқанда қандай мағына беретіні тек авторға ғана мәлім болса керек. Ең бастысы, автор бұл жерде идеологияны дүниетаныммен теңестіріп, үлкен былықпаға жол беріп отыр (2.1.3 тармақта оқу құралы авторларының «дүниетанымды» «көзқараспен» шатастырғанын еске түсіріңіз). Идеология – белгілі бір әлеуметтік топтың, таптың, саяси ұйымның идеялары мен көздеген нысаналарының тұжырымы. Ал дүниетаным – адамдардың немесе топтың айналаны қоршаған дүниені өзінше тұшыну, тану әдісі. Адам немесе әлеуметтік топ өзінің дүниетаным деңгейінің нәтижесі ретінде қоршаған ортаның шақыруына жауап береді. Дүниетаным кеңдігі немесе тарлығы адамды немесе әлеуметтік топты қоғам әкеліп тіреген тығырықтан алып шығады немесе тұңғиыққа батырып жібереді. Бұл жерде профессор М.Мырзахметов дүниетаным, идеология, ой, сана категорияларының мағынасын түсіне алмай, оларды бірінің орнына екіншісін қойып, екеуін орынсыз қосақтап, әбден шатастырып қолданған. Осы сөйлемді орыс тіліне аудару мүмкін емес, егер сөзбе-сөз аударсаң белиберда болады да шығады («идеология – есть мировоззрение, наше мысл-сознание,..»).
Қазақша басылымдардың редакторлары көбінесе мәтінді мал шаруашылығы мен ауыл тұрмысына құруға, ауыл қарияларының бейнелі, шұбыртпа стиліне жақындатуға тырысады. Аграрлы қоғам тұсындағы күшейткіш құралдарын тастағысы келмейді. Журналистер мен жазушылар қазақ тіліндегі сөз қолданыста белең алып келген салыстырулардың, теңеулердің, метафоралардың, көпірте баяндаулардың шырмауынан шыға алмайды. Сөз сұлулығы дәлдік пен орнықтылыққа жасырылатын заманауи тілдегі семантиканың құдіретін әлі тұшынып, сезіне алмайды.
Тіл заман ағымына қарай үнемі өзгеріп отыратын құбылыс. Әдетте, қоғамның даму динамикасына ілесіп, тіл ұрпақ ауысқан сайын елеулі өзгерістерге ұшырап отырады. Мысалы, «Кеңес Одағының Батыры ғарышкер Т.Әубәкіров К+ телеарнасының тілшісіне сұхбат берді» дегенді естіген Абайдың тұстастары мұны қазақ тілінде айтылған деп қабылдамас еді. Сол сияқты, «сыңғырлап аққан бұлақтай, жарасып өңкей келісім» деп келетін, аға ұрпақ үшін ғажап суретті беріп тұрған жолдардың мағынасын қазіргі жастарға түсіндіру қиын. Бұл идиолектіде жасырынып жатқан әлемді толыққанды елестету үшін қазіргі жасты қазақтың ХІХ ғасырына он жыл өмір сүруге жіберіп алу керек.
Соңғы ширек ғасыр ішіндегі қазақ тілінің сөздік қоры мен сөзқолданыс тәсіліндегі өзгерістерді қолына қалам ұстайтын әр адам рационалды сана елегінен өткізе білуі керек. Жастарға қазақ тілінде ақпарат жеткізетін әр журналист, жазушы, оқытушы аграрлы қоғам тілінің семантикалық қойыртпағы мен заманауи жастардың тіл қолдану практикасында орныққан қабылдау жүйесі арасындағы қайшылықты жан дүниесімен сезініп, сәйкес әрекетке дайын болуға міндетті.