2.1.3 Тіл стандарты: формалық және мағыналық аспектілер
Орыс лингвистикасында индустриялы қоғамның әдеби тiлiне қойылатын басты талап – тiлдің стандартталуы мәселесі терең және жанжақты зерттелген. Академик Ф. П. Филин және басқа зерттеушілер тілдік бірліктердің нормаға келтіріліп қолданылуын стабильность языка деп пішіндейді. Осы зерттеулерде, ретіне қарай, бұл ұғым тілді стандарттау немесе тіл орнықтылығы (тіл тұрақтылығы емес) деп қолданылады, тиісінше, формалық және мағыналық аспектілерге бөлініп қарастырылады.
Орыс тілінің лингвистикалық сөздіктерінде, кейбір зерттеушілердің шығармаларында тілдік белгілердің жазылу формасы «план выражения» деп, ал сөздердің мағынасы «план содержания» деп алынады. Олардың біріншісі тілдік белгілердің сыртқы пішінін, дыбыспен және әріппен берілу тәсілін, екіншісі тілдік белгінің қандай мағына беретінін көрсетеді.
Егер тілдегі терминдер, атаулар, ФБ-лер пішіндік және мағыналық жағынан стандартты қолданылса, онда ол тілде берілген ақпарат пен қабылданған ақпараттың арасында мағыналық айырмаға орын қалмайды, айтушының датын тыңдаушы адекватты түсінетін болады. Бірден айта кету керек, қазақ тілінде ауызша және жазбаша сөз қолданыста формалық орнықтылық талабы мүлдем ескерілмейді. Соның салдарынан мыңдаған сөздердің жазғанда формасы сақталмайды, айтқанда мазмұны да құбылып кетеді.
Қазақ тілінде пiшiндiк түрлiлiкте қолданылатынын сөздердің көптігі сондай, оның мысалдарын баспатабақтап келтiруге болады.
Мысалы:
әкiм, хәкiм;
әрекет, қарекет, харекет; лұғат, ұлағат; адым, қадым, қадам; тиыс, тиiс; мынадай, мынандай; содан, сонан; недәуiр, едәуiр; түгел, түген; көкейкестi, көкейтестi; халайық, қалайық; масаттану, насаттану; |
базыбiр, бәзiбiр;
жаугерлiк, жаугершiлiк; тақат, тағат; мардымды, мандымды; өмір, ғұмыр; сиық, сықпыт; қақы, құқы, құқығы; адамгерлiк, адамгершiлiк; иесі, егесі; әлем, ғалам; ары, әрі;.. |
Қазақ тілінде сөз қолдануда формалық орнықтылық толыққанды жүзеге асырылмауы, бiр сөздi әркiм әр қалай, өзiне ұнаған нұсқада жаза да, айта да беруі қазақ тілін үйренуді қиындататын факторлардың біріне айналған.
* * *
Қазақ тілінің сорын қайнатып, оны үйренуге де, үйретуге де тосқауыл болып жүрген қырсықтардың келесі бірі және бірегейі тіл қолданыстағы мағыналық күңгірттік болып табылады. Ақпарат берушiнің белгілі бір орнықты мағынасы бар сөзді күңгірттендіріп, өзге мағынада қолдана салу әдеті кең таралған құбылысқа айналып отыр. Бар өкінішті сол, тiл бұрмалаушылықтың үлгілерін алдымен академиялық басылымдардың өздерi көрсетіп отыр. Өрескел мағыналық қателіктердің тiл бiлiмдерiнiң мамандары жасап шығарған сөздiктерден батпандап табылуы – еш өркениеттi қоғам қабылдай алмайтын айғақ. Мысалдар келтірейік.
1-мысал:
Бытие – болмыс, тұрмыс;
Действительность – ақиқат, шындық, болмыс, жарамдылық;
Истина – шындық, ақиқат;
Конкретность – нақтылық, айқындық, дәлдiк, деректiлiк
Реальность – нақтылық, iске асатындық, шындық, ақиқатқа жататындық [Орысша-қазақша сөздiк. I том. – Алматы: ҚСЭ 1978., Орысша-қазақша сөздiк. II том,– Алматы: ҚСЭ, 1981].
1-мысалға түсiнiк: Мұнда ғылыми категориялардың аударылуы келтiрiлген. Қазақ лингвист ғалымдарының үлкен тобының қатысуымен жасалған, ең көлемдi сөздiктен алынған бұл аудармаларда дәлдiктен ауытқу былай тұрсын, бұл сөздердiң негiзiнен ғылыми категорияларды бiлдiретiнi, сондықтан, қатаң денотаттық-сигнификативтік келіспен аударылуы керек екендiгi ескерiлмеген. Әр термин үш, төрт, бес сөзбен, кейде тiркес сөздермен аударылған. Кейбiр қазақ сөздерi бiрнеше терминнiң, мысалы, «шындық» сөзi бір жерде «действительность», екінші жерде «истина», үшіншісінде «реальность» сөздерiнiң аудармасы ретiнде қолданылған. Узустық мағынасы бойынша «шындық» – «правда» болуы керек. Аудармада мағыналық қателер де бар, мысалы, «бытие» – «болмыстың» аудармасы бола алады, «тұрмыстың» аудармасы бола алмайды, «тұрмыс» – «быт».
Осы мысалда (бұдан кейін де) узустық мағынасы бойынша дәлдікке жақын аударылған сөздердің асты сызылған. Осы сарынмен алғанда, «действительность» – «нағыздық» (кейде – «жарамдылық»), «реальность» – «шынайылық» болып аударылуы керек.
Сөздіктер әр түрлі мақсатта жасалады. Кеңес кезіндегі қазақ ғалымдары жасаған сөздіктер орыс тілін үйренуге және оны қолдануды жеделдетуге бағышталды. Ал қазақ тілін өмірлік практикадада қолдану мақсатын көздеген сөздіктер құрастыру қарастырылмады.
Орыс тілін үйретуді нысана етіп құрастырылған сөздіктердің мынадай ерекшеліктері болды. Орыс тіліндегі сигнификат қазақша сипаттап түсіндіріледі, демек, денотатпен беріледі немесе мағынасы жақын сөздердiң бәрiн тiзумен «аударылады». Заттардың аттарынан басқа мағынаны нақты сөзбен жеткізу қарастырылмаған. Сонда ол аударма емес, тек интерпретациясы қазаша берілген, орыс тілінің түсіндірме сөздігі болып шығады. Мұны, басқаша айтқанда, орыс тілін үйретуді жеңілдету, қазақ тілін үйретуді қиындату әдістемесі деуге де болады. Өйткені, осындай сөздікпен жұмыс істеген субъектінің есінде орыс сигнификаты ғана қалады, ал оның қазақшасы қалмайды.
* * *
2- мысал:
душевая – душқа түсетін үй;
процедурная – ем қабылдайтын орын;
терапевт – ішкі ауруларды емдейтін дәрігер;.. [Орысша-қазақша сөздiк. I том. – Алматы: ҚСЭ 1978., Орысша-қазақша сөздiк. II том,– Алматы: ҚСЭ, 1981].
2-мысалға түсінік:
Егер орыс тіліндегі бір сигнификат қазақшаға бір сигнификатпен берілгенде, тілді үйрену, үйрету және оны практикада қолдану әлдеқайда жеңіл болар еді. Ал орыс сөзін қазақшаға синонимдер тізбегімен немесе бірнеше сөзбен жасалған сипаттамамен бергенде оның мағынасы есте қалады, ал сол мағынаны қазақша шұбыртып айтып жату мүмкін емес. Сондайдың салдары қазақ тілін меңгерту жолына қойылған үлкен тосқауыл болып келді.
Аталған сөздікті құрастырушылардың логикасымен «я в душевой» деген екі сөзбен берілген ақпаратты қазақша «мен душқа түсетін үйдемін» («я в доме, где можно принять душ») деп, төрт сөзбен жеткізу керек. Және бұл «аудармада» «үй» деген сөзді қолданудың ақылға сыйымсыздығы көзге ұрып көрініп тұр. Мұның аты – тілдердегі семантикалық сәйкессіздік. Семантикалық жүйедегі бірлік болмаған жағдайда тілді үйрену де, өзгеге үйрету де мүмкін болмайды (қараңыз: п. 2.2).
* * *
3-мысал А:
а) сущность – мән, маңыз;
значение – мағына, маңыз;
смысл – мән, мағына, мақсат, ақыл-парасат;
содержание – мазмұн, маңыз, мағына [Орысша-қазақша сөздiк. I т. – Алматы: ҚСЭ, 1978., Орысша-қазақша сөздiк. II т.,– Алматы: ҚСЭ, 1981].
3-мысал Ә:
мағына – смысл, значение, содержание, толк;
мән – значение, смысл;
мазмұн – содержание, сущность;
маңыз – смысл, содержание [Махмудов Х., Мұсабаев Г. Қазақша-орысша сөздiк. – А., 1987.].
3-А, Ә мысалдарға түсiнiк. Бұларда бiр сөздiң орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздiктердегi аудармалары келтірілген. Бұдан бiр сөздiң екi сөздiкте екi түрлi, дәлiрек айтқанда, көп түрлi аудармалармен берiлетiнi, сонымен қоса, ең бастысы орнықты мағынада қолданылатын әр орыс сөзiне қазақтың қай сөзi тәржіма бола алатындығын түсiну мүмкiн емес екендiгi көрiнедi. Орысша-қазақша сөздікте:
сущность – мән,
смысл – мағына болып берілгенде, қазақша-орысша сөздікте осы аудармалардың
мазмұн – сущность,
мән – смысл болып берілуімен қалай келісуге болады?
* * *
4-мысал:
вдохновить – дем беру, рухтандыру, қыздыру, шабыттандыру [Орысша-қазақша сөздiк. I т. – Алматы: ҚСЭ, 1978.].
одухотворить – рухтандыру, жандандыру, жанды деу, қыдыр тұту [Орысша-қазақша сөздiк. II т.,– Алматы: ҚСЭ, 1981].
4-мысалға түсiнiк: Мұндағы екi орысша сөзге (түбір сөздің мағынасынан туындатқанда: вдохновение – шабыт; дух – рух), тиiсiнше, шабыттандыру, рухтандыру сөздерi аударма бола алады. Ал қалған сөздер өздерiнiң тұрақты атқаруға тиiстi мағыналық мiндеттерi болса да, мына жерге орынсыз тықпаланған.
* * *
5-мысал:
душа – жан, ниет, ой, көңiл, адамшылық, адамгершiлiк, ықылас;
душевно – жүректен, ашық;
душевнобольной – есi ауысқан;
душевность – шын ашықтық;
душевный – iшкi сезiм, көңiл, шын жүректен, шын көңiлден;
душегуб – жан алғыш, қанiшер;
душенька – жаным, күнiм;
душонка – пасық жан, құр сүлде.
5-мысалға түсiнiк: Мұндағы асты сызылмаған қазақ сөздерiнiң бәрiнiң тиесілі атқаратын мағыналық жүктемелерi бар. Олар мыналар:
ықылас – внимание; ой – мысль; ниет – намерение; адамшылық – человечность; адамгершiлiк – нравственность; жүректен – от сердца; ашық – открытый; есi ауысқан – сумасшедший; iшкi сезiм – внутреннее чувство; қанiшер – кровопийца; күнiм – солнышко (мое); құр сүлде – (только) скелет.
Сөздiктiң осы 210-бетiндегi 44 сөздiң 22-сiнде (50 пайызы) қазақша аударғанда дәлдiктен ауытқу, кейбiреулерiнде өрескел қате бар [Орысша-қазақша сөздiк. I том (А-О). – Алматы: ҚСЭ бас редакциясы, 1978].
* * *
6-мысал:
Понятие – ұғым, түсінік, мағлұмат, пиғыл (Орысша-қазақша сөздiк. А.: ҚСЭ, 1981).
6-мысалға түсінік: аударма ретінде бірінші тұрған сөз дұрыс. Өзге үш сөздің атқаратын өздеріне тиесілі мағыналық жүктемелері бар. «Түсінік» белгілі бір зат, құбылыс, үдеріс жөнінде адамың мағлұматты болуын (ор.: представление) білдіреді. Және ол мағлұмат түрлі деңгейде – көбірек немесе азырақ болуы мүмкін. «Мағлұмат» – мәліметтің ішінін өзгерткен түрі, ақпараттың синонимі. Пиғыл – адамның ойша діттегені.
* * *
7-мысал:
Миропорядок – әлемсипат. Мироустройство – әлемқалып (Терминологиялық хабаршы, № 4, Желтоқсан 2009).
7-мысалға түсінік:
Әр сөздің узустық мағынасы ескерілмегендіктен ұсынылған үлгілердің де мағынасы күңгірттеніп, тыңдаушыны шатастыратын, жасанды құрылымдар пайда болған. «Мир» сөзін «әлем» деп аударуға болмайды. Мир – дүние жүзі; әлем – вселенная; сипат – характеристика; устройство – құрылғы; қалып – норма. Бұлар қазақтың құлағына осылай сіңісті болып, орныққан. Бұларды басқа мағынада қолданып, түрлендіру индустриялы қоғам тілін стандарттау ұстанымдарына қайшы келеді. «Порядоктың» түбірі – ряд, қазақша «қатар» немесе «рет». Бұдан миропорядок – дүниенің түзілу реттілігі, қысқартып айтқанда дүниетүзілім болып шығады. Мағынасы дүниенің белгілі бір ретпен түзілуі. «Қалыптың» бұл жерге қатысы жоқ. Устройство – құрылғы болғанда, мироустройство – дүниеқұрылғы, фонетикалық ыңғайлылығы жағынан дүниеқұрылым деп алуға болады.
Аудармалардағы қателіктердің денотаттық-сигнификативтік келіспен аңғарылуы
Кесте № 2
Денотат | Сигнификат орысша | Сигнификат қазақша |
Жер шарын мекендеген адамзат, жанды және жансыз табиғат | мир | дүние жүзі |
Жердегі адамзат қоғамының, жанды және жансыз табиғаттың түзілу реттілігі | миропорядок | дүниетүзілім |
Адамзаттың, тірі және өлі табиғаттың, түрлі елдердің, құрлықтардың орналасуы. | Мироустройство | Дүниенің жайғасуы |
Құбылыстың, үдерістің үнемі қайталанатын стандартты күйі | норма | қалып |
Нәрсені, құбылысты, үдерісті айшықты белгілері арқылы толық көз алдыға келтіру | характеристика | сипаттама |
* * *
8-мысал:
«Қос министрліктен жауап келді» (Ана тілі. 21-27. 08. 2014). «Қос халықтың арысы» (Қазақ әдебиеті. 13.03.2015). «Қос қыз жарысқа аттанды»; «Қос елдің басшылары кездесті» (мерзімді басылымдардан).
8-мысалға түсінік:
Қазақша «қос» деген сөз орысшаға «пара» деп аударылады. Узустық мағынасы жағынан қазақ сөзі де орыс сөзінікіндей, бірі бірінен ажырамайтын, бірінсіз екіншісі өмір сүрмейтін, үнемі бірге болатын екеуді білдіреді. Мысалы, қос қанат, қос аяқ, қос балақ, қос ат (арба бір дәртелі болғанда). Қостан қосақ деген сөз шығады – отбасын құрайтын ері мен зайыбы дегенді білдіреді. Қазір қазақтар қостың коннотациялық реңкін сұйылтып, «екінің» синонимына айналдырып алды: қос команда, қос қыз, қос спортшы,.. деп сөйлейтін болды. Өте сауатсыз, зиянды қолданыс, тілбұзарлықтың өрескел түрі.
* * *
9-мысал:
«Қазан айының оныншы жұлдызы күні» (мерзімді баспасөзден).
9-мысалға түсінік:
Ақталмайтын, тіл үйренушіні шатастыратын, сауатсыз транссемантизация. Бұл жерде «күн» сөзін «жұлдызбен» алмастыру қажеттіктен туындап отырған жоқ. Біріншіден, орфоэпиялық және фонетикалық тұрғыдан «жұлдыздың» «күннен» артықшылығы жоқ. Екіншіден, «жұлдыз» лексикологиялық және лексикографиялық реестрлік мәртебесі бар, онсыз да семантикалық жүгі ауыр сөз. Узустық мағынасы бойынша «жұлдыз» – күн сияқты, айналасында планеталары бар, аспан денесі. Қосымша семемада көпбұрышты геометриялық фигура. Енді оған тағы бір мағыналық жүктеме қосып, өз орнында дұрыс тұрған сөзді (күн) қозғаудың сауаттылыққа жатпайтынын аңдау қиынға соқпаса керек еді.
Құбылыстың орын алу себебі мынада: орта ғасырларда жазылған тарихи деректерде «жұлдыз» сөзін айдың белгілі бір күні мағынасында қолдану ұшырасады. Осы қолданысты бір тарихшы тіл практикасына жауапсыз алып шығуы мұң екен, журналистер іліп әкетіп, енді «күнді» «жұлдызбен» алмастырып айтуды әдетке айналдырып алды. Соның салдарынан тіл практикасында осындай плеонастикалық қойыртпақ орын алып отыр. Бұл мысал да тіл қолданыстағы анархиялық бетімен кетістің көрінісі болып табылады. Индустриялы қоғам тілінің талабы осы ұғымды «қазанның оны күні» деп, іс жүргізуде қысқа және нақты қолданыс талабы «оныншы қазан» деп қолдануды қалайды.