1.4 Тiл стильдерiнің ажыратылуы
Ғалым қателеспеуі керек, қателесу оның кәсіпқойлығына нұқсан келтіреді.
Т. Гоббс
Қазақ лингвистикасында әдеби тiлдiң стильдерге ажыратылуы осы уақытқа дейін толық байыбын таба алмай келеді. Оған лингвистикалық категория ретiнде дәйекті сипаттама берілмеді (еске түсіріңіз: 2, 1-7 мысалдар). Стильге қатысты терминдердің мағынасын әркімнің өзінше түсінуі және түрліше қолдануы орын алуда. Қазiргi қазақ тiлiнiң қолданылу практикасынан, шынтуайттап келгенде, стильдiк жiктелу үдерiсiнiң тек бастапқы деңгейде ғана екендiгiн көруге болады.
Беделді лингвист-ғалымдардың үлкен тобы М. Балақаев, М. Томанов, Е. Жанпейiсов, Б. Манабаев бiрiгiп жазған «Қазақ тiлiнiң стилистикасы» деген еңбекте «стиль деп белгiлi бiр тiлдегi лексикалық, грамматикалық және фонетикалық тәсiлдердiң қолданылу принциптерi» аталған [18: 5]. Ал стилистика болса, ол – «тiлдiң стильдерiнде тiлдiк белгiлердi (сөз, тiркес, сөйлем) қалай қолдану қажеттiгiн көрсететiн сала. Стилистика – тiлдiң қолданылу заңдылықтарын зерттейтiн ғылым, тiлдiк белгiлердiң дұрыс қолданылу нормасын көздейдi» [сонда. 12-б.].
Бұл жерде алдымен берілген түсініктің шашылып жатқанына назар аудару керек. «Тәсіл» сөзінің «лексикаға» қатысты қолданылуы қабылдауда күңгірттік тудырады. «Сала» сөзі «ненің» деген сұрақты талап етеді. «Тіл стильдерінде» деудің орнына «тіл практикасында» деп жазылғанда айқындама түсініктілеу болар еді. Тавтологияға орын берілген: «қолданылу» сөзі соңғы сөйлемде екі рет, алдыңғы сөйлемдегі «қолдануды» қосқанда үш рет ұшырасады. Сөйлем «нормасын көздейдi» деудің орнына «қолданылуын реттейді» деп аяқталуы керек еді. Айқындамадан стиль мен стилистика ұғымдарын ажырату қиын. Ал стилистика дегеніміз тіл білімдерінің стильдерді зерттейтін саласы екендігі оқырманға бәрібір жетпей қалған. Орыс тілінде жарияланған әдебиеттерден алынғандарды қазақшаға аударып, икемдеп шығарылған қорытындылар стиль туралы ғылыми дәйектілікке алыстан ғана орайласады.
М. Балақаев тiл мәдениетiнiң мәселелерi туралы жазған кiтабында әдеби тiл стильдерiн төрт тармаққа таратқан:
- ресми iс қағаздары – кеңсе тiлiнiң стилi;
- публицистикалық стиль (газет-журнал тiлi);
- ғылыми-техникалық әдебиеттiң стилi;
- көркем әдебиеттiң стилi [2: 12].
Бұған қатысты қойылатын кіна мынадай: «іс қағаздары», «кеңсе тілі» деген тіркестер мемлекеттік деңгейде ресми іс жүргізу ауқымын түгел қамти алмайды. Іс қағаздары дегеніміз жазылып, хатталып тасталған, үстелдің тартпасында жатқан құжаттар ғана. Кеңсе тілі – мемлекеттік іс жүргізілетін бір буынның – кеңседегі ақпарат алмасу тілі. Мемлекеттік ресми іс жүргізуге, экономиканы дамытуға – өнім өндіруге, бизнеске және қоғамды басқаруға, оның барлық аяларында жұмыс жүргізуге қатысы бар жасалған баяндамалар, берілген есептер, жүргізілген мәжілісхаттар, жиналыстардағы талқылаулар, қабылданған шешімдер, Президенттің жолдаулары, өкімдері, Үкіметтің қаулылары, қарарлары, заңдар, бұйрықтар, нұсқаулар, мемлекеттік қызметкерлердің сөздері, баспасөзде жарияланған мақалалары, халықаралық қатынастар аясындағы құжаттар, мекеменің, ұйымның, кәсіпорынның қызметінің сипаттамалары, өндіріс үдерісіне қатысты тура және делдалдықпен жасалатын қатынастардың барлық түрлері туралы ақпараттар,.. бәрі жатады. Іс жүргізу стилі – мемлекеттің қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік-рухани аяларындағы қызметін түгел қамтитын, басқарудың барлық буындарында қоданылатын ақпараттардың стилі. Сол сияқты, публицистикалық стиль тек газеттер мен журналдарда басылғандармен, ғылыми әдебиет тек техникалық әдебиетпен шектелмейді.
Аталған автордың Р. Сыздықовамен, Е. Жанпейiсовпен бiрiгiп жазған еңбегiнде жоғарыда аталған стильдерге «оқу-педагогикалық әдебиет стилi» қосылып, тармақтар саны беске жеткiзiлген [19: 6]. Бұл таратудың да ұтымды болып тұрғаны шамалы. Өйткені, педагогика – ғылымның бір саласы ғана. Егер педагогикалық әдебиеттердің стилін жеке стильдік тармақ ретінде ажыратып алатын болсақ, онда философия, психология, экономика, әлеуметтану, демография, мәдениеттану, т.б. толып жатқан ғылым салаларының да әр қайсысының әдебиеттерін жеке стильдік ажыратым ретінде қарастыру керек. Олай болса, стильдік ажыратылым жүздеп саналатын болады. Бұл жерде тұтастық (ғылым) пен элементтің (педагогика) арасы ажыратылмай, екеуін бір қатарға шығарумен, құрылымдық шатасуға жол берілгенген.
С. Исаев «көркем стиль, ресми стиль және бейтарап стиль» деп «негiзгi үш түрлi стильдiк тармақтарды» атаған [20: 40]. Онысы әйтеуір пікірталасқа қатысу деңгейіндегі, қабылданбайтын көп ұсыныстың бірі болып шыққан. Мұнда әр ұғымға дәйекті талдау жасау, әр сөздің сыйдыратын мағынасына жете үңілу жоқ. Көркем стильді (мүмкін, көркем әдебиет стилі шығар: Қ.Ж.) ресми стильден бөле, жеке тармақ ретінде алады. Бұдан көркем әдебиет тілдің ресми контентіне жатпайды деген ұғым туады.
Ресми деген анықтауышты С. Исаев іс жүргізуге қатысты ғана қолданады. Жоғарыда келтірілген М. Балақаевтің пішіндемесінде де дәл солай. Сонда көркем әдебиет, публицистикалық және ғылыми-техникалық стильдердің бәрі бейресми болып шығады.
* * *
Тiлдiң стильдерге ажыратылуы орыс лингвистерінше әдебилiктiң басты белгiлерiнiң бiрi деп саналады.
А. Н. Гвоздев стильдердi алдымен көпшілікке арнап сөйлеу стилі және тұрмыстық немесе әңгімелесу стилі деп екіге ажыратады да, алдыңғысын «саясатпен, ғылыммен, әдебиетпен, әкімшілік және шаруашылық қызметпен байланысты, түрлі қажеттіктерді өтейтін” [21: 18] деп сипаттайды. Ары қарай, өзі алдымен атап отырған стильді «іс жүргізу стилі», «көркем сөз стилі», «публицистикалық сөз стилі», ғылыми-көпшiлiк әдебиет стилi» деп ажырата отырып, әр қайсысына сипаттама береді [сонда. 21-б.]. Сонымен қоса, ол «салтанатты», «ресми-салқын», «сырластық-наздық», «әзiл-оспақ» және «сатиралық» стильдердiң де болатынын атап өтедi.
О. Ахманованың «Лингвистикалық терминдер сөздiгiне» жүгiнсек, стиль дегенiмiз «тiлдiң ажыратылу түрлерiнiң бiрi; өзге түрлерден оны құратын элементтердiң экспрессивтi-бағалық қасиеттерiмен ерекшеленетiн, әдетте сөз қолданудың белгiлi бiр аясымен байланысты, өзiне тән сөздiгi, фразеологиялық үйлесiмдерi (сочетание) айналымдары мен құрылымдары бар тiл жүйешесi» [22]. Ал «стилистика: а) түрлі стильдерді, соның ішінде жеке және жанрлық стильдерді қоса зерттейтін; ә) әр түрлі тілдік құралдардың экспрессивтік-эмоциялық-бағалық қасиеттерін зерттеу міндеттерін атқаратын тіл ғылымының саласы» (сонда).
А. И. Ефимов «көркем-беллетристикалық», «қоғамдық-публицистикалық», «ғылыми баяндау», «кәсiптiк-техникалық», «ресми құжаттар» және «эпистолярлық стильдердiң» болатынын көрсеткен [23: 19-21].
Стиль және стилистика мәселелерiне қатысты XX ғасырда, жоғарыда аталғандардан басқа, орыс тілінде Кеңестік және шет елдік ғалымдардың көптеген еңбектері жарияланды. Қазір әдеби тіл стильдері мәселесі орыс лингвистикасында көп талқылаудан кейін, басы ашылып, бірізділікке түсті деп айтуға болады. Орыс ғалымдарының стиль және стилистикаға қатысты тұрғылары нақтыланып, берген айқындамасы қабылданған норма деңгейінде байыбын тауып отыр.
* * *
Қазақстандық тілтанушылар стиль және стилистика мәселелерін орыс тілінде жарияланып жатқан лингвистік әдебиеттерде ұшырасатын тұжырымдарға сүйене отырып, қазақ тілінің материалдары негізінде талқылады. Алайда қазақ тілінің практикасы олардың орысшадан олақ аударып жасаған тұжырымдарының ұшқарылығын көрсетіп берді. Соның салдарынан «стиль – көркемдеп сөйлеу амал-тәсілдерінің жиынтығы» немесе «стилистика – тіл материалдарын зерттейді» деген оқулықтарға енгізілген айындамалары (осы кітаптың 1.2 тармағын қараңыз) тым үстірт, сонысымен түсініксіз болды. Ондаған жылдар бойы бұл ұғымдар теріс оқытылып келеді.
Қазақ лингвистикасында стилистиканың зерттелуінің артта қалуын тiлшi ғалымдар мойындайды, солай болса да, өздерін ақтап алатын себептерді де алға тартуды ұмытпайды. «Егер орыс тiлi бiлiмiнде синтаксистiң зерттелуiнiң бiрнеше ғасырлық тарихы бар дейтiн болсақ, қазақ тiлi сөз тiркесiнiң зерттелу тарихы 50-60 жылдан ары аспайды»,– деп сытылады М. Балақаев [24: 5].
Құбылыстың себебін бұған дейін қазақ тілі әрекет етіп келген кеңістікте айшықты ресми стильдік қолданыстардың болмағанымен түсіндіру жеткілікті бола алмайды. Рас, бұған дейін қазақ тілі ғылым және іс жүргізу салаларында қолданылған жоқ. Негізінен тұрмыс аясында ғана қолданылып келді. Сондықтан оның ресми сөз саптау стильдері ажыратылған жоқ. Солай болса да, тілші ғалымдар тілдің ресми стильдері ажыратылуы және олардың қоғамдық өмір аяларында қолданылуы керектігін, олардың жүзеге асырылу жолдарын көрсетіп беруге міндетті еді. Өйткені, теория әр қашан да практикадан бұрын жүруге тиіс. Қазақ лингвистикасында теориялық негіздемесі болмағандықтан, тілдің стильдерге ажыратылуы тіл қолдану практикасына енбеді. Егер стиль және стилистика туралы дәйекті ғылыми теория жасалған болса, ол орта және жоғары оқу орындарында, әсіресе филология және журналистика факультеттерінде тыңғылықты оқытылған болса, мерзімді баспасөзде, жарияланып жатқан кітаптарда стиль сақталуы қадағаланып отырса, онда қазақ тілінің жағдайы қазіргіден әлде қайда тәуірлеу болған болар еді. Бұл тұста тіл стильдерінің орнығуының тарихи мерзімге емес, Қазақстанда лингвистиканың ғылым ретінде көтерілген биігінің ойдағыдай болмағанын естен шығармау керек.
* * *
Кеңес билігі жылдарында қазақ тiлiнде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы саяси-публицистикалық материалдар басылып жатты, көркем әдебиет шығармалары жарияланып жатты. Қазақ тiлi мен әдебиетiнiң мәселелерi, тарихы, оларды оқыту жайы талқыланған ғылыми кітаптар да әрекідік көрініс беріп жатты. Оқулықтар жазылды, сөздіктер құрастырылды. Кейінірек энциклопедиялар пайда болды. Бірақ, саяси-публицистикалық стильдің қалыптасуы үшін бұл жеткіліксіз болды. Өйткені, бұлардың таралу ауқымы тар, тақырыбы шектеулi, көлемi аз, контентінің сапасы төмен болды. Республикада саяси еркiн ой, төл философия дамымады, олардың өріс алуына жағдай жасалмады. Рухани дамудың өзекті мәселелерін талқылауға тиым салынды. Тек компартияның идеологиялық бағытын қолдаған туындыларға ғана жол ашық болды.
Тәуелсіздік алардың алдындағы жылдарда жалпы қазақ тіліндегі шығатын басылымдардың таралымы апаттық деңгейге дейін төмендеп кеткен болатын. Халық бұқарасы мемлекеттік басылымдарға селқос қарайтын болды. Беделді саналатын газеттер мен журналдар тек дотациямен күнелтетін деңгейге түсті. Олар қазір де мүшкілдігінен арылған жоқ. Көпшілікке таралып жатқан әдебиеттердің контенті сапасыз болып, баяндауларында тұрмыстық қойыртпақ стилі белең алды. Соның салдарынан, қазақ тiлiнде шын мәніндегі саяси-публицистикалық стиль қалыптаса алмады.
* * *
Қазақ тiлiнде сабақ беретiн мұғалiмдер дайындайтын институттар мен педучилищелерден басқа оқу орындарында дәрiс орыс тiлiнде жүрдi. Техника, технология, жаратылыстану-математика циклін былай қойғанда, ғылымның философия, социология, мәдениеттану, демография, экономика, салалары қазақша сөйлемеді. Қазақ тілінде рухани дамудың ауқымды мәселелерін тереңінен қозғайтын, оған маңыз аларлықтай ықпал ететiн, сындарлы зерттеулер жүргізілмеді, монографиялар жазылмады, диссертациялар қорғалмады. Ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық конференциялар қазақ тілінде өткен жоқ, маңыз аларлықтай баяндамалар жасалған жоқ, талқылаулар жүргiзiлген жоқ. Ғылым мен техниканың түрлі салаларында қазақ тілінде ғылым жасалмады. Сондықтан қазақ тiлiнiң ғылыми стилi де қалыптасқан жоқ.
* * *
Кеңес билігі жылдарында қазақ тілінде мемлекеттік іс жүргізілген жоқ. Қала өнеркәсібін былай қойғанда, негізінен қазақтар қатысатын ауыл шаруашылығы өндірісінде есептер орыс тілінде жазылып, тапсырылып отырды. Саяси-әкімшілік, комсомол, кәсіподақ ұйымдары тарапынан жоспраланған шаралардың бәрі де орыс тілінде жүргізілді. Сондықтан, қазақ тілінің ресми іс жүргізу стилі туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін емес.
Қуыс әрқашан бос күйінде қала бермейді. Қазақ тiлiнде ресми стильдер қалыптаспағандықтан, вакуумның орнын бейресми (немесе тұрмыстық) стиль толтырды.
Қазақ тілінде «жалпақ тіл» деген ұғым бар. Ол – «баршаға түсінікті, қарапайым тіл» дегенді білдіреді [133]. Бұл жердегі «барша» сөзінде тұрғындардың көпшілігі деген реңк бар. Қазақ социумында көпшілікті әр қашан ауыл шаруасы құраған. Бұдан жалпақ тіл деген шаруаға түсінікті тіл, былайша айтқанда, жалпыхалықтық тілдің нормаланбаған нұсқасы болып шығады. Қазіргі қазақ тілінде сөз саптаушылардың санасын осы «жалпақ тіл» жаулап алған. Ол қазақ тілінде сөйлеушінің барлық жерде қолданатын, жалғыз стиліне айналған.
* * *
Белгiлi бiр категорияны әркiмнiң әр қалай атауы қазақ лингвистикасында жиі ұшырасатын құбылыс. Р. Сыздықованың аталған еңбегiнде «ауызекi сөйлеу тiлi», С. Исаевта «бейтарап стиль» деген қолдану бар. К. Аханов «сөйлеу стилi» деп алып, оған төмендегiдей сипаттама берген: «Сөйлеу стилi белгiлi бiр жағдайда тiкелей жасалатын қатынас стилi болғандықтан, ол сөйлеудiң ауызша формасымен тығыз байланысты. Сөйлеу стилi адамдардың бiрі бiрiмен күнделiктi қатынасында пайдаланылады» [25: 14-15]. Орыс лингвистикасында «обиходно-разговорный стиль» немесе «обиходно-бытовой стиль» деген пiшiндемелер ұшырасады. Түбiнде осылардың бәрiнiң меңзеп отырғаны бiреу ғана – тiл қолданыстағы бейресми стиль екендiгi белгiлi.
Бейресми стильде ақпарат алмасудың ерекшелiгi, бiрiншiден, ақпараттың мазмұны қоғамдық қызметке, өндiрiстiк тапсырманы орындауға қатысты болмайды, адамдар арасындағы жеке қатынастарға, тұрмыстық аядағы сұрақтарды шешуге қатысты болады. Екіншіден, тұрмыс аясындағы бейресми қатынастарға туыстар, достар немесе белгiлi бiр тұрмыстық шеңбердегi мәселелерге қатысы бар өзге таныс немесе бейтаныс адамдар қатысуы мүмкiн.
Бейресми қауышудың бiрiншi және екінші ерекшелiгiнен оның үшінші, басты ерекшелiгi туындайды. Сөз тиегі тұрмыс аясының оқиғалары болғандықтан, бұл жерде адамдар ресми стиль қағидаларын сақтамайды. Сынар көз, қатаң талаптың жоқтығынан адамдар ақпарат алмасу үдерiсiнде толып жатқан нормадан ауытқуларға – аномалды қолданысқа жол бередi.
Қазіргі қазақ тілінде ресми стильдердің қалыптаспауынан, республикалық ақпарат кеңістігінде ресми хабарлар мен берілімдер тарату үдерісі толығымен бейресми стильде жүзеге асырылып келеді. Ресми ақпарат кеңістігіне шыққан кез келген адам – олардың ішінде жұмысшы, қызметкер, дәрігер, заңгер, мұғалім ғана емес, журналист, жазушы, оқулық авторлары, тіпті тіл білімінің профессоры мен академигі де бар – тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелері толық емес сөйлеммен, бір ойдың басын, екіншісінің аяғын шалып, бірімен бірі байланыссыз тіркестермен, кібіртіктеп, ыңқылдап, түсінуге ауыр қойыртпақпен әйтеуір бірдеңелерді айтқан болады. Қисыннан аулақ, басы артық сөздер, амфиболия, гипербат, тавтология, палимфраздар, плеонастикалық айналыстар сөз қолданудың барлық деңгейлерін – БАҚ, педагогикалық әдебиет, көркем өнер туындыларын – бәрін иектеп алған. Бұл жерде қазақ тiлiн қолданып ақпарат берушiлер арасынан тұрмыстық стильдiң нышандарына мысалдар келтiрудiң өзi шартты болып табылады. Өйткені, Олардың арасынан дұрыс пен қатені ажыратып алудың өзі қиынға айналған. Осы кітаптің I тарауының 2-тармағында келтірілген тіл қолданудағы аномалияның мысалдары толығымен тілдегі бейресми қолданыстың да мысалы бола алады. Олай болатыны, тілдегі бейресми қолданыс дегеннің өзі аномалиялы қолданыс болып табылады.
Қазақстан Республикасы мемлекеттiк тәуелсiздiгiн алғаннан кейiнгi кезеңде мемлекеттiк тiл мәртебесiн алған қазақ тiлiн қоғам өмiрiнiң барлық аяларында қолдануды жүзеге асырылмай отыруының басты себептерінің бірі осыдан көрініс береді. Бұған дейiн аграрлық және тұрмыстық аяларда ғана қолданылып келген қазақ тiлiнiң индустриялы қоғамдағы өзiнiң функциясын атқаруға дайындығының кемшiндiгiнен – әдеби нормалардың сараланбауынан, соның ішінде стильдік дифференциацияны дұрыс жүзеге асыра алмаудың салдарынан тілдің жағдайын түзеу мүмкіндігі болмай отыр.