1.5 Әдеби тіл мәселесінің талқылануы

Қазақ тiл бiлiмiнде жалпы күнi бүгiнге дейiн «әдеби тiл», «қазақ әдеби тiлi», «қазақтың жалпыхалықтық тiлi» деген ұғымдарға тиянақты анықтама берiлмей келедi, олар бiр-бiрiнен ажыратылып, әр қайсысы нақты анықтамаларға ие болған жоқ».

Р. Сыздықова

Әдеби тіл – нормаланған тіл.

О. Ахманова

 

Қазақстан лингвистика ғылымында тіл мәселелерін ғылыми-теориялық тұрғыдан зерттеу үдерісінде бір қатар эклектикалық тұжырымдар орын алып отыр. Олардың ішіндегі бастыларының бірі – әдеби тіл категориясының дұрыс тұжырымдалмауы. Лингвистикадағы орталық ұғым болуына қарамастан, «әдеби тіл» мен «жалпыхалықтық тілдің» аражігі нақты ажырытылмай, оның салдары зерттеу кеңістігінде көптеген теріс стратегиялардың пайда болуына әкеліп соқтырған.

Қазақ лингвистері арасында әдеби тiл мәселелерiмен көбірек айналысқандардың бірі Сейiлбек Исаев болды. Ол, әрине, «қазақ әдеби тiлiнiң барлық мәселелерi… айқындалды деп айта алмайды» [26: 3]. Әдеби тiл деген ұғымның өзiн әр зерттеушi әр түрлi түсiнiп жүргенiн ескерте келiп, С. Исаев әдеби тiлдiң айқындамасын былайша пішіндейді: «Сөйтiп, көптеген зерттеушiлер әдеби тiлдi жазу арқылы белгiлi жүйеге түскен, өңделген, сұрыпталған, жазу дәстүрi мен әр түрлi жазба әдебиетiнiң негiзiнде қалыптасқан, тұрақты, орныққан нормалары, стильдiк-жанрлық тармақтары бар, сол тiлде сөйлейтiн халықтың бәрiне, не көпшiлiгiне ортақ, түсiнiктi, қоғамдық қызметi әр алуан жалпы халықтық тiлдiң екшелген, сұрыпталған түрi деп көрсетiп жүр» [26: 7]. Аталған кітабында осылай келтіргенімен, бұл жерде автордың әдеби тілдің дефинициясын өзге зерттеушілердің қалай «көрсетіп жүргенінен» алып отырғанын ескеру керек.

С. Исаевтiң пайымдауынша әдеби тiл ұғымын тек жазба әдебиетпен байланыстыруға болмайды: «Соның негiзiнде жазуы жоқ не жазуы дамымаған иә кеш дамыған халықтың әдеби тiлi де жоқ деген шындыққа жанасымды бола бермейдi»… «Тiлдiң жазба түрi әдебилiктiң бiрден бiр негiзгi критерийi бола алмайды» [26: 7-8].

Өзге қазақ зерттеушілері сияқты, С. Исаев та тұжырымдарын қазақ тiлiнiң Кеңес билiгi тұсындағы күйiнен туындатты. «…Сол тiлде сөйлейтiн халықтың бәрiне не көпшiлiгiне ортақ» деген тiркестен қазақ тiлiнiң Кеңес тұсындағы мүшкiл халы айқын көрiнiс бередi. Автор «қоғам мүшелерiнiң бәрiне ортақ» деп жаза алмайды, өйткенi, ол кезде қазақ тiлiн бiлудi қазақтан өзге ұлт өкiлдерiне, тiптi қазақтардың өздерiне де толық мiндеттеу жоқ болатын. Ал «сол тiлде сөйлейтiн халықтың (тек қазақтардың деген сөз – Қ.Ж.) көпшiлiгiне» (сонда да бәрiне емес – Қ.Ж.) деген мәмiледен қазақтардың өздерiнiң ана тiлiнен терiс айнала бастаған күйi көрiнiс бередi. Ары қарай С. Исаев «қоғамдық қызметi әр алуан» деген тіркесті қолданады. Қазақ тiлi сол кезде елуге жуық қоғамдық өмiр аясының оншақтысында ғана, соның өзінде жартылай қызмет ететiн. Осының өзiн тiлдiң қоғамдық қызметiнiң «әр алуандығының дәлелi» ретiнде алып  шығуға болатын.

Қазақ тiлтанушыларының еңбектерiнде әдеби тiлдiң басты белгiлерiнiң бiрi – стильдерге ажыратылу турасындағы сипаттамалар тым шашырап жатты (стиль және стилистика ұғымдарының мектеп оқулықтарында қалай ашылғаны жайлы 2-тармақтағы талдауларды еске түсіріңіз: Қ.Ж.). Мысалы, С. Исаев «стильдiк-жанрлық тармақтары бар» дегендi алдымен әдеби тiл өлшемдерiнiң бiрi ретiнде айқындамасына енгiзiп алады да, артынан өз сөзiне өзi қарсы шығып, мұның «әдеби тiлдiң басты көрсеткiшi бола алмайтындығын» [26: 9] немесе «халықтың белгiлi кезеңiндегi әдеби тiлi бiр ғана стильдiк тармақ шеңберiнде де өмiр сүруi мүмкiн» [26: 10] екендiгiн «дәлелдей» бастайды.

Мүлдем басқаша ұғымдар болуына қарамастан, бұдан ары автор стильге жiктелу мен жанрға жiктелудi қосарлап алып қарастырады. Жанрға жiктелу әдеби тiлдiң белгiсi бола алмайды, ол саяси-публицистикалық және көркем әдебиеттiң өз iшiнде түрлi жанрлардың болуын ғана көрсетедi және ежелден, тiл пайда болғаннан, әдебиет пайда болғаннан келе жатқан құбылыс. Бұған қоса, С. Исаев стильдiк ажыратылуды «әдеби тiлдiң басты көрсеткiшi бола алмайды» деген тұрғысымен әдеби тiлдiң табиғатын толық түсiне алмаудан туындаған, ағат пiкiрге ұрынған. С. Исаев әдеби тілді бірде олай, бірде былай шығарды. Кейінгі тұжырымы алдыңғысына қарама-қарсы шығып жатты.

С. Исаевке қарағанда М. Балақаевтiң пiкiрлерi әлдеқайда кескiн және категориялы болды. Ол тiлдiң әдебилiгiн тек жазба тiлмен байланыстырды. «Жазуы болмаған тiл әдеби тiл дәрежесiне көтерiле алмайды»,- деп есептедi М. Балақаев [2: 11]. Оның пайымдауынша: «Әдеби тiл дегенiмiз – жазба әдебиет арқылы жүйелi қалыпқа түскен, стильдiк тармақтары бар, қоғамдық қызметi әр алуан тiл» [2: 13]. Әдебилiк талаптарды өзгелерге қарағанда кеңірек қамтығанымен, М. Балақаев та толыққанды тұжырым жасауға қол жеткізе алмады. Индустриялы қоғамның әдеби тiлге қойылатын аса қажеттi талаптарының кейбіреулерін жалпығамiндеттiлiк, орнықтылық критерийлерін назардан тыс қалдырды [2: 13]. Әдеби тілдің ғылыми дәйекті айқындамасын ұсына алмады.

Т. Қордабаев бойынша: «Әдеби тiл деп, әр алуан ғылыми-зерттеу еңбектерiнiң, саяси әдебиеттердiң, публицистиканың, газеттiң, журналдың, бiр сөзбен айтқанда баспасөздiң тiлiн айтамыз. Әдеби тiлдiң қалыптасуы үшiн жазу тiлiнiң, баспасөздiң болуы шарт» [27: 64]. Т. Қордабаевтiң әдеби тiлге берген айқындамасы тым қарапайым, объектiнi ғылыми және саяси-публицистикалық әдебиет тұрғысынан ғана көрсетеді. Бұл автор аталған еңбегiнде әдеби тiл мәселесiне тереңдей үңіле алмаған, көпшіліктің назарында жүрген мәселе-ғой деп, сөз арасында ой қыстыра салған. Сондықтан оны ғылыми айқындама деп қарастыруға болмайды.

Әдеби тiлге қойылатын талаптарға қатысты ойларын Р. Сыздықова былай түйiндедi: «Әдеби тiл дегеннiң ең басты белгiсi – оның өңделген, сұрыпталған, нормаланған тiл болуы, бұл –  бiр. Қызметi жағынан сол халықтың өмiрiнде ұйымдастырушы, қоғам мүшелерiнiң басын қосушы сипаты, яғни жалпыға ортақтық қасиетi болуға тиiс, бiрақ әдеби тiлдердiң бiр кезеңдердегi жазба түрлерiнде әрдайым соңғы белгiнiң болуы шарт емес (курсив – Қ.Ж.). Әр нәрсенiң, әр құбылыстың заты (мән-мәнiсi, табиғаты) салыстыру арқылы, өзге құбылыстардың қарама-қарсысына қою арқылы таныла түседi. Әдеби тiлдi тану үшiн оның қарама-қарсысына қойылатын басты құбылыс – ауызекi сөйлеу тiлi. Бұл – үшiншi шарт. Әдеби тiл қолданылу тәжiрибесiнде қоғам сынынан өткен, нормаларын қоғам санасы дұрыс деп қабылдаған және ол нормалар барша үлгiлерге ортақ болуы шарт. Бұл – әдеби тiлдiң төртiншi сипаты» [28: 8].

Ары қарай академик ханым әдеби тiлдiң қай кезден басталатыны туралы дауға қосыла келе, «әдеби тiл деген ұғым қазақ тiлi үшiн де тарихи, құбылмалы түсiнiк» екендiгiн ескертедi және жоғарыдағы тұжырымдарына «қазiргi қазақ тiлi үшiн оның жазба түрiнiң болуы, сан салалы стильдерге тарамдалуы, қоғам өмiрiнiң барша саласына түгел қызмет етуi – заңды шарттар» [28: 10] екендiгiн атайды. Зерттеуші әдеби тiлге қойып отырған бірінші шартында «жалпыға ортақтығы» хақында айта келiп, соңынан онысына «бұл белгiнiң болуы шарт емес» екендiгiн қосып, өзiне өзi қайшы келедi.

Р. Сыздықова ханымнан жоғарыда келтiрiлгендерді айқындама ретiнде емес, әдеби тiлге қойылатын шарттар туралы ойлар деп қабылдау керек. Өйткенi, онда «әдеби тiл дегенiмiз – мынау» деген кескiн ұсыным жоқ, алгоритм сақтамай, өзiндік пікірін шашырата алға тарту бар.

Қазақ лингвистикасындағы әдеби тіл туралы түсініктер үнді аңызындағы үш соқырдың піл туралы сипаттамасына ұқсады.

Онда бір соқыр пілдің қабырғасын сипап, оны қабырғаға ілінген кілем сияқты деп, екінші соқыр пілдің аяғын құшақтап тұрып, оны ағаштың діңіне ұқсайды деп, үшінші соқыр пілдің хоботын ұстап тұрып, піл деген жуан арқан сияқты болады деп сипаттаған болатын.

Қазақ лингвистері де, әрқайсысы әдеби тілдің бір немесе екі немесе үш белгісін көрсетіп бере алды. Ал зерттеліп отырған объектінің толық ғылыми суретін тұтастай алға тарта алмады.

Отандық лингвистикада әдеби тіл жөніндегі пікірталастар әркімнің өз ойын ортаға салуымен немесе жазылып тасталғандарға қатысты, солардың ішінде орыс тілінде жарияланған тұжырымдар туралы көзқарас білдірумен шектелді. Дамыған елдердің лингвистері қабылдаған қорытындылар тіл практикасында назарға алынбады. Сол кездегі жоғарыдан түсірілген идеологиялық нұсқаулар кемерінен асу мүмкіндігі болмады. Қазақ әдеби тілін ары қарай дамытуға нысана бола алатын, идеалдағы әдеби тіл дефинициясы қорытылып шығарылмады, оның критерийлері мен талаптары сараланбады.

Әдеби тілдің бірізді айқындамасы жоқ деген сөз – әдеби тілдің нормалары, критерийлері жоқ деген сөз. Демек, әдеби тілге қойылатын талаптар да сараланған жоқ деген сөз. Бұл қазіргі қазақ тілі индустриялы қоғамның әдеби тіліне қойылатын талаптар бойынша дамып отырған жоқ дегенді білдіреді.

Демек, ЖОО-ны қазақ тілінде бітіріп шыққан мамандардың, әдебиетшілердің, журналистердің индустриялы қоғамда қызмет ететін әдеби тіл және оның критерийлері мен оған қойылатын талаптар туралы түсініктері жоқ.

Салдар көз алдыда: ағылшындар айтпақшы, «ереже жоқ болғанда – ауытқу басталады». Қазақ тілін өлтіре соғатын, аса қауіп осыдан – қазақ тілінің аномалды қолданысқа түсуінен бастау алып отыр.

* * *

Әдеби тіл айқындамасы төңірегіндегі кереғарлықтардың бастысы әдеби тіл мен көркем әдебиет тілінің арасындағы айырманы ажырата алмаудан туындады. «Әдеби тілді көркем әдебиет тілімен шатастыру бірінші ұғымда анықтауыш болып тұрған әдеби деген сөздің екінші ұғымда зат есім болып тұрған әдебиет сөзімен сырттай ұқсастығынан» [29: 20] бастау алғанын орыстар дер кезінде аңғарып, алдамшы бағытқа тосқауыл қоя білген еді.

Ал заманауи орыс лингвистері әдеби тіл мен көркем әдебиет тілінің арасын былай ажыратады. «Заманауи орыс әдеби тілі және заманауи орыс әдебиетінің тілімүлдем екі басқа тіл. Біріншісі – ерікті діттеумен түрлі нормалар мен ережелерден қағыс жіберілмейтін, оларға басыбайлы, көпшілік пайдаланатын сөздіктер мен дұрыс жазу анықтамалықтарына енгізілен, … іріктеліп алынған конгломерат,.. Бұл тілде мектеп мұғалімдері мен университет оқытушылары сөйлеуі, әдебиет және басқа туманитарлық пәндер бойынша мектептегі шығарма, курстық және дипломдық жұмыстар орындалуы керек. Бұл, идеалында,  БАҚ-ның тілі болуға тиіс. Екіншісі – керісінше, түрлі түсті, көпбояулы, үнемі қозғалыста, қайнап, ағып жатқан, еркін тіл болуға тиіс; онда бір мезетте сленг архаикамен, тұрмыстық сөз нақылмен, бірі біріне кедергі жасамай, қатар жайғасып, араласып келе беруі мүмкін. Тіл шығармашылығының мұраты кейде таңданарлық, кейде сыйқырлы, әрдәйім ешкім естіп көрмеген жаңа сөздік қатынастарды дүниеге әкелу үшін семіп қалғанды жібітіп, тұнып тұрғанға самал соқтырып отыруында. Бәрінен бұрын бұл поэзияға қатысты. Егер ақындар мұнымен айналыспаса, поэзия оңбайды» [30: 180]. Ал қазақ лингвистикасында осы уақытқа дейін аталған ұғымдардың шекарасы ажыратылмай, түрлі эклектикалық тұжырымдардың жасалуына бастап апаруда.

Аграрлық құрылымдық-жүйелік ойлау бейнелері шатасудың бірінен кейін екіншісіне ұрындырды. Қазақ тілтанушылары «әдеби тіл» мен «көркем әдебиет тілі» ұғымдарын шатастыруға болмайтыны туралы өзгелерге ежелден белгілі қағидаға қайта оралуды қажет деп таппады. «Әдеби тіл» және «көркем әдебиет тілі» ұғымдарының бір еместігі, олардың соңғысы әдеби тіл кемерінен асып кететіні; өмірді шынайы бейнелеу үшін жазушылар жалпытілдік нормаларды контекспен ақталатындай деңгейде бұзып отыратыны; көркем сөздің мәнерлілігін күшейтуге бағытталған авторлық-дара құрылымдар түзуге де жиы баратыны; осындай окказионал қолданыстар, бір жағынан, құнды стилистикалық тапқырлық болса, екінші жағынан, нормативті лексикография үшін бастау алар материал ретінде қызмет ете алмайтыны» [14: 8] туралы қағидалар тіл қолдану практикасында қабылданбады.

Т. Қордабаевтың орыс лингвистерінің тұжырымдарына сүйеніп, бір тұста «әдеби тіл тек көркем шығармалардың тілі емес. Көркем шығармалардың тілі әдеби тілдің тек бір жағы, бір саласы ғана» [27: 64] деп түсіндірді. М. Балақаев бастаған бір топ зерттеушілер де «әдеби тіл мен көркем шығарма тілі екеуі бір ұғымды білдірмейді. Әдеби тіл, ол тек көркем шығарманың ғана тілі емес, жалпы жазба тіл түрлерінің бәрін түгел қамтиды» [31: 14] деген тұжырым айтты. Қазақ ғалымдарының бұл тұрғылары да ғылымы дамыған өзге жұрт қабылдаған дәйекті тұрғылардан тым алыс жатты.

Р. Сыздықова дүние жүзiнiң алдыңғы қатардағы дамыған әдеби тiлдерiне қойылып жүрген талаптар деңгейiнен көрiнудi қазақ тiлiнен талап етуге болмайды деген тұрғы ұстанды. «Әдебиет терминiн Европа мен орыс филологиясы қалай таныса, бiздiң де солай тануымыз шарт емес»- деп ауа жайылды [28: 11]. Мұның алдында академик ханым «көптеген халықтардың тарихында оның әдеби тiлiнiң қалыптасып дамуы көркем әдебиеттiң, соның iшiнде поэзияның бары мен барысына тiкелей қатысты болып келетiнiн бүгiнгi тiлтану теориясы мақұлдайды», – деп [28: 10] кескін түйіндеген болатын. Демек, қазақ тiлi барымен базар болып, өз мүмкiндiгiнше өмiр сүре беруi керек, көркем әдебиетпен, соның iшiнде поэзиямен көрiнсе, әдеби тiл бар деп айту үшiн соның өзi жетiп жатыр. Р. Сыздықова ханымның бұрын өзі ұсынған тезисін ақтап алудың амалы ретінде ұсынған бұл тезисі өзгелердің де осы бағытпен кетуіне әкеліп соқтырды. Отандық лингвистикада түрлі эклектикалық бағыттарға жол ашылды. Бұдан кейінгі кезеңде «әдеби тіл дегеніміз көркем әдебиеттің тілі» деген стратегиялық теріс бағыт қазақ лингвистикасында толық үстемдік орнатты. Әдеби тіл тұжырымдамасын жасау, оған қойылатын талаптарды саралау шаралары назардан тыс қалды.

Қазақ лингвистикасында қоғам мен тілдің тұтастық пен компонент ретіндегі арақатынасы ескерілмеді, тіл қоғамның элементі ретінде қарастырылмады. Дамыған елдерде қабылданған қағидалардан бас тарту үшін, біріншіден, өзіңнің сара жолға бастап апаратын, уақыт сынынан өткен қағидаларың болуы керектігі, екіншіден, ол қағидалардың тіл практикасында сыннан өтіп, өзінің релеванттығын дәлелдеуі керектігі ескерілмеді. Ондай бағдар тұтатын, қабылдаған және өмірлік практикада ақталған ғылыми тұжырымдамаң болмаған соң, тілді тоқыраудың батпағына белшесінен батырып қойып, «еуропалықтар мен орыстар танығанды бiз тануымыз шарт емес» деп кергуден бұрын, солай айтуға моральдық құқығың бар ма – сол жағын ойластырып алған жөн еді. Тілдің көсегесін көгертетін жол таба алмай, оны мүшкіл жағдайға түсіріп қойып, алақан жайіп, бет сипаудан басқа қолыңнан түк келмей тұрып, Батыс қоғамдарының тіл туралы тұжырымдарын қабылдамайтын «кесектіктің» қайдан келгені жөніндегі сұрақ осы күнге дейін ашық қалып отыр.

Дегенмен, Р. Сыздықова ханымның «Қазақ әдеби тiлiнiң тарихы» атты еңбегiнде түйген бір түйіні дұрыс болатын. Онда зерттеушi былай деген еді: «Қазақ тiл бiлiмiнде «әдеби тiл» деген ұғымға тиянақты анықтама берiлмей келедi. Жалпы күнi бүгiнге дейiн «қазақ әдеби тiлi», «қазақ жазба әдеби тiлi», «қазақ ауыз әдеби тiлi», «қазақтың жалпыхалықтық тiлi» деген категориялар бiр-бiрiнен ажыратылып, әр қайсысы нақты анықтамаларға ие болған жоқ» [28: 6]. Мінеки, ақиқатқа жақын тұрған тұжырым осы. Расында да, Қазақстандағы тіл білімінде әдеби тіл туралы бірізді айқындама жоқ, оның критерийлері мен оған қойылатын талаптар сараланған жоқ. Тіл дағдарысының түпкілікті себебі осыдан. Ол бастан, су айырығынан жіберілген қатені түзеу мүмкін емес.

* * *

Өздері де өркениеттің аяқалысына сәйкес адымдай алмаған, ана тілін де рухани даму заңдылықтарына сай көркейте алмаған қазақ лингвистері ақыры бұл тығырықтан шығудың оңай жолын тапты. Зерттеуші ханым кең таралған әдеби тiлдерге қойылып жүрген шарттарға «қазақ топырағында қызмет еткен әдеби тiлдер әрдайым барлық дәуiрлерде бiрдей жауап бере алмаған»… қазақ тілі «әдеби болуы үшiн бұл белгiлердiң түгел болуы мiндеттi де емес, мүмкiн де емес» [28: 10] деп түсіндірді. «Егер геометриялық аксиомалар адамдардың мүддесіне қайшы келетін болса, оларды теріске шығарып тастаса да болады» [125] деген Т. Гоббстың белгілі афоризмі күшіне енді. Демек, қазақ тiлi әдебиліктің кейбір талаптарын қанағаттандыра алмаса, онда ол талаптарды қазақ тілі үшін міндетті емес деп тани салу керек. Теорияны тілдің сол кездегі статус-кво жағдайына лайықтап құрып, тілдің тығырықтағы күйінің өзінен даму белгілерін «тауып», «керемет дамып барамыз» деген айғайға баса беру керек. Осылай, әдеби тiл, оның белгiлерi және оған қойылатын талаптардың мiндеттiлiгi де, қажеттiлiгі де жоққа шығарылды. Қазақ лингвистері өздерін де, тілді де «құтқарып» алып, халықты жұбатуға көшті. Бұдан былайғы кезеңде қазақ лингвистері тіл қолдану практикасында ақталған әдеби тіл мен көркем әдебиет тілінің бір ұғымды білдірмейтіні туралы қағидаға қайта оралуды қажет деп таппады.

Қазақ ғалымдарының әдеби тiлдiң белгiлерiн сол кездегi қазақ тiлiнде бардан, оның өткенiнен, болғанынан ғана iздестiруiн қалай түсiндiруге болады? Неге қазақ лингвистері жоқтың жоқ екеніне шынайылықпен тесірейе қарамай, оны бар жасауға құлшыныс та танытпай, барды жұбаныш ете сипаттаумен шектелген? Мүмкiн тiл мәселелерiнiң ыстығына күйiп, суығына тоңып, қайтсем оның көсегесiн көгертем деп жүрген тiл жанашырлары ана тiлiн қазiргi дүние жүзiндегi iрi индустриялық қоғамдардың әдеби тiлдеріне қойылатын өлшемдерге салып жiберiп, оның солармен салыстырғандағы мүшкiл халін көргiлерi келмеген болар? Олай болса, бұл «жанашырлар» мен «зерттеушiлердiң» айналадағы нағыздықты идеологиялық тұрғыдан қабылдаудан аса алмағанының, құбылысқа шынайылықпен қарау, мәселені көтеру және шешу деңгейiне дейiн көтерiле алмағанының дәлелі болып шығады.

Бұл тұрғы ғалымдардың өздеріне де ұнады. Сонымен, отандық зерттеушілер Кеңес кезіндегі тілдің мүшкіл жағдайын қанағаттанарлық деп қабылдап, тағдырға алғысын жаудырды. Олардың ойынша: тіл бар, демек «теорияны» сол кезде бардың статус-кво жағдайына лайықтап құрып, өмір сүре беру керек.

Компетентті ғалым, егер шынайылығында да сондай болса, ол айғақтарды тізумен, өткенді сипаттаумен, болып жатқанды бақылаумен ғана айналыспайды. Ғалым өзгелер көре алмағанды көре білуге, кез келген мәселенің ғылыми шешімін іздеуге, табуға міндетті. Біздің лингвистер ана тілінің терең қойнауларда жатқан түйткілдерін көре алмады, интуициясы жетпеді. Қазіргі кезеңдегі тілдің айналасында қалыптасқан жағдайлар қазақ лингвистерінің ол баста таңдаған стратегиялық бағыттары дұрыс болмаған деген қорытынды шығаруға мәжбүрлейді.

Ғылым жүрген жерде нақтылық жүруi керек, ақиқат салтанат құруы керек. Ғылым барды – бар, жоқты – жоқ деп көрсетуi керек, ол көңiл күйiн, зауықты, жанашырлықты көтермейдi. Қазақ тiлiнiң бiздiң ана тiлiмiз болғандығы бiзге оның жоғын бар деп, әсiрелеп сипаттауға құқық бере алмайды. Қазақ лингвистері тiлге шын жаны ашитыны рас болса, оның бойында жоқты бар деп көпiртпей, өзiн де, халықты да алдамай, керiсiнше, оның жетiмсiздiктерiн ашық айтып, келешекте оны жеткiзудiң амалын ойластыруы керек. Олар Кеңес кезінің өзінде-ақ қазақ тілінің мүшкіл халін дүниежүзілік лингвистикалық ойдың жетістігі тұрғысынан ашық көрсетіп, дабыл көтеріп, бұл мәселеге баршаның назарын аудартуға тырысуы керек еді.

Қазақ тілінің тарихы тереңде жатқан, көне тіл екені туралы идеядан шабыттанған қазақ лингвистері ендігі уақытта осы тұрғыны «дәлелдеуге» кірісті. Тіл мәселелерін шешу жолындағы жаңа бағыт ретінде, қазақ әдеби тілінің тарихын жазуға жапатармағай жұмылды.

* * *

Қазақ тілтанушыларының силлогистикасының абсурдтілігі көзге ұрып көрініп тұр: әдеби тіл дегеннің не екенін білмеймін, оның есесіне, қазақ әдеби тілінің қалыптасуының XV ғасырдан бергі тарихын білемін. Отандық ғалымдар алдына «әдеби тіл дегеннің не екені туралы нақты түсінік болмай тұрып, оның қалыптасуы мен дамуын зерттеуге кірісуге бола ма» деген сұрақты қоймады. Әдеби тіл дегеннің не екенін анықтай алмаған олар зерттеу объектісін басқа жаққа – қазақ әдеби тілінің тарихына бұрып әкетті. Бұл бағыттың абсурдтілігін аңғара алмаған қазақ ғалымдарының талқылаулары ұзақ және мағынасыз пiкiрталас болып шықты.

Олай болуының үш себебi бар еді. Бiрiншiден, бұл тiлтанушылардың абстрактi талқылаулары болды. Қазақ әдеби тiлiнiң тарихының қайдан басталатынын анықтау үшін алдымен әдеби тіл, жалпыхалықтық тіл дегендердің өздерінің не екенін және нормаланған тілдің пайда болуына шаруашылық уклад факторының қатысын ескере отырып шешу керек болатын. Екіншіден, тiл – ұлттың негізгі атрибуттарының бірі. Сондықтан оның пайда болуы мен дамуына қатысты мәселелер ұлттың пайда болып, дамуымен филиациялық байланыста қарастырылып шешiлуi керек еді. Үшіншіден, ұлттың бір атрибуты ретіндегі әдеби тілдің пайда болуы мен дамуы мәселелері лингвистердің күшімен ғана емес, ғылымдар интеграциясында – тарихшы, философ, экономист, саясатшы, әлеуметтiк психолог, мәдениеттанушы, этнолог,.. ғалымдардың қатысып, талқылауымен шешілуі мүмкін. Алдымен түрлі параметрлер бойынша халықтың ұлт ретiнде қалыптасуының, ұлттық мемлекетінің орнығу үдерісі анықталуы керек. Сонан кейін әдеби тілге, оның тарихына қатысты мәселелер ұлттың өзге белгілерімен біртұтастықта, тарихи жағдайды және әдеби тілді қалыптастыруға ықпал ететін шаруашылық укладты ескере отырып қарастырылуы керек еді.

Қазақ лингвистері әдеби тілдің бастауын оған өгей формациялардан іздеп, тарихтың терең қойнауларында ахрониялық адасудан шыға алмады. Алдыңғы қатарлы еуропалық жұрттардың ғалымдары әдеби тілдің пайда болуын – нарықтық экономика мен тауар-ақша қатынастары пайда болғаннан, құқықтық мемлекет орнағаннан кейінгі кезеңнен іздеп жатқанда, қазақтар әдеби тілінің бастауын іздеп, жазба әдебиет пайда болғаннан да бұрынғы дәуірді шиырлап кетті. Ақыры, қазақ әдеби тілінің тарихы қайдан басталатыны туралы ғылыми дәйекті қорытынды шығарылмады, шығарылуы мүмкін емес те еді.

Осындай, сыннан өткен қағидаларға сүйенген орыс лингвистері де ұлттық әдеби тілдің қалыптасуын жаңа дәуірдің басталуымен, ұлттың пайда болуымен байланысты қарастырды. Бұған қатысты Р. А. Будагов «ұлттың өзі сияқты ұлт тілі де капитализмнің пайда болуымен байланысты» екенін атап өткен болатын [29: 21]. Осы меже түпкілікті тоқтам ретінде қабылданды. Сонымен, орыс лингвистері қорытып шығарған хрестоматиялық тұжырым бойынша «орыс ұлттық тілінің пайда бола бастауы XVII ғасырмен, ал оның толық онығуы – XIX ғасырдың алғашқы ширегінде, А. С. Пушкиннің шығармашылығының мәдениет кеңістігіне шығуымен межеленеді. Осы кезде (XIX ғасырдың басында) орыс әдеби тілі қалыптаса бастады» [3: 532]. Бұл кезеңде орыс мемлекетінде шекара айшықталды, өнеркәсіп төңкерісі жүзеге асырылды, тауар-ақша қатынастары орнықты. Сауданы және өндірісті жүргізуге байланысты орыс тілі бірізділікке түсірілді, сөз қолданудың заңдандырылған нормалары пайда болды. Еуропалық және орыс лингвистерінің тіл мәселелерін шешуінің астарында қазақ лингвистерінің әдеби тілдің тарихы туралы жазып қалдырғандары өкініштен басқа сезім тудырмады.

* * *

Қазақстандағы индустриялы қоғамның әдеби тiлiн дамытуды дүние жүзiнiң индустриялы елдерiндегі тілдің дамуын жанжақты зерттеген шет ел лингвистика ғылымы қол жеткізген теориялық қорытындыларды ескере отырып жобалау қажет еді. Шетелдік ғұламалар Ф. Бэкон, М. Вебер, Х.-Г. Гадамер, В. Фон Гумбольдт, Т. Гоббс, Э. Дюркгейм, Дж. Локк, Э. Сепир, Г. Тард және басқалардың теориялық тұжырымдары қазақ тілі мәселелерін зерттеу үдерісінде де аса өзекті және пайдалы болып табылады. Олардың қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар түйісуінен қорытып шығарған, тілдің сыртқы дүниемен себеп-салдарлық байланыстары туралы қағидалары терең дағдарыс жағдайындағы тілдік құбылыстарды зерттеу үдерісінде релевантты болып шығып отыр.

Жүздеген орыс және Кеңес ғалымдары заманауи орыс тілінің мәселелерімен айналысты. Олардың арасынан В. В. Виноградовтың, А. И. Горшковтың, А. Н. Гвоздевтың, А. И. Ефимовтың, В. П. Мураттың, Р. А. Будаговтың, А. А. Леонтьевтың, Л. В. Щербаның, А. С. Чикобаваның, Н. Д. Левитовтың, Ю. И. Карауловтың,.. әдеби тiл және оған қойылатын талаптар хақындағы қорытындылары да, қазақ тілі мәселелеріне қатысты зерттеулерде назардан тыс қалмауға тиіс еді.

Қазақ тілінің индустриялы қоғамның талаптарына лайықталған грамматикасын жасау үдерісінде орыс ғалымдарының теориялық қорытындылары мен практикалық тәжірибелерін міндетті ескеру қажеттігінің өзiндiк себептерi бар. Бiрiншiден, қазақ тілінің лексикасына кірігіп кеткен орыс сөздерi көп; екіншіден, көптеген шетел тілі сөздері қазақ лексикасына орыс тілі арқылы енген; үшіншіден, индустриялы қоғам тiлдерінiң iшiнде орыс тілі қазаққа жақын тұр, қазақтар орыс тiлiн жақсы бiледi; төртiншiден, қазақ тiлi Қазақстан экономикасында үстемдiк жүргiзiп отырған орыс тiлiнiң орнын алуы керек.

А. И. Ефимовтың келтіруінше «әдеби тілдің арнайылығы оның сөздік құрамына және грамматикалық құрылымына қатысты алып қарағанда нормаланған тіл екендігінен көрініс береді. Диалектілерден, жаргондардан, ауызекі сөйлесу құралдарынан оның айырмасы мынада – әдеби тілді тарихи дамып отыратын әдеби нормалардан тысқары қарастыру ақылға сыйымды болмайды» [23: 13]. Ары қарай орыс ғалымы «Әдеби норма әдеби тілдің тұрпатты қолданылатын белгілі сөздер корпусын іріктеп алуды, олардың мағынасын айқындап, қолданылу ережелерін заңдастырып беруді діттейді» дей келіп, «әдеби норманың өзі тарихилыққа қарсы болмауы, ағынға қарсы жүзбеуі, тілдің күйі мен даму үдерісіне кесе көлденең тұрмауы керектігін, тілдің нормасын жасаушылардың ғасырдан артта қалып қоймауы, тілде күні өтіп кеткенді, жойылып бара жатқанды сақтап қалуға тырыспауы керек екендігін» [23: 14] ескертеді. А. Ефимовта әдеби тілге қарапайым ауызекі тіл қарсы қойылады. Бұлардың соңғысы нормадан ауытқу ретінде квалификацияланады.

Әсіресе, әдеби тілдің айқындамасын ұсынған авторлардың пішіндемелеріне ерекше назар аудару керек. Орыс лингвистерінің арасынан академик Ф. П. Филиннiң айқындамасының қазақ тiлiнiң қазiргi жағдайында қолдануға ыңғайлы екенін атап өту керек. Әлемдегi iрi әдеби тiлдер – ағылшын, француз, немiс, испан, поляк тiлдеріне қойылатын талаптарды iрiктей отырып, орыс тілі үшін қорытып шығарған, академик Ф. П. Филиннiң өлшемдерi индустриялы қоғамның әдеби тіл туралы шетел және орыс лингвистерінің тұжырымдарының іріктелген және шоғырланған көрінісі іспетті. Ол ғұлама әдеби тiлдiң төмендегiдей 7 критериймен сараланатын сипаттамасын берген:

1 өңделген;

2 нормаланған;

3 орнықты;

4 қоғам мүшелерiнiң бәрiне мiндеттi;

5 стильдерге ажыратылған;

6 әмбебап;

7 ауызша және жазбаша түрлерi бар [126: 175-176].

* * *

Қазіргі орыс тілінде болып жатқан өзгерістердің шарттылықтарын зерттеуші М. Эпштейн былай пішіндейді: «Қазіргі уақытта тілде тамырын терең жайған үдерістер жүріп жатыр. Олар 1) саяси құрылыстың тез ауысуымен, оның дүниеге қайта ашылуымен, қоғамдық құрылымның ағымдық және өтпелі сипатымен; 2) тіларалық байланыстардың интенсивтілігімен, халықаралық мәртебеге қол артып отырған ағылшын тілінің тегеурінді әсерімен; 3) хабарларды қыса жинақтап беретін, үнемді және мобильді тілдік құралдарды талап ететін электронды ақпарат тасушының тез дамуымен шарттандырылған». Тілдік белгілер үнемі артып, лексика толығып отырады. Олардың өзара қабыстылығы мен атқаратын қызметі ұлғая түседі. Орыс тілін келер ұрпақ алдыңғы ұрпақтан мұраға қалған грамматикамен емес, жаңа грамматикамен оқитын болады. Онда маңыз аларлық өзгерістер етістіктер жүйесіне – олардың қимылды сипаттау амалдарына, грамматикалық субъект белсенділігінің артуына қатысты болмақ [34: 193].

Өгіздің басына туған күн бұзауға да туып отыр. Аталған шарттылықтардың бәрі қазақ тіліне де қатысты. Қазақ тілі де өзгеріп жатыр. Оның өзгеру қарқыны бұрыннан индустриялы орыс тілінің өзгеру қарқынымен салыстырғанда тым жедел жүруге тиіс. Қазақ халқы отарлықтан тәуелсіздікке адым басқанда, қазақ тілі аграрлықтан индустриялылыққа үлкен секіріс жасай алмай, мемлекеттік мәртебенің ауыр жүгін арқалай алмай, жойылу тығырығына тіреліп, енді одан суырылып шығудың ынтықты мәжбүрлігімен беттесіп отыр. Қазақстанда болып жатқан өзгерістерді түбегейлі реформалар деп атасақ, қазіргі қазақ тілі нағыз революциялық қайта құруды тілеп отыр.

Осындай терең және қарышты бетбұрыстар жағдайында өткен ғасырдың басында аграрлық қоғамға бейімделіп жасалған грамматикамен алға жылжу мүмкін емес. Тілге деген қатынасты мақсатты өзгерте отырып, оның грамматикасын ғана емес, сол тілде таратылып жатқан контенттің – ақпараттың, жасалып жатқан мәдениеттің идеологиялық бағыты мен мазмұнын азаматтық қоғам адамының талабына лайықтап, түбегейлі өзгерту керек.

* * *

Ұлттық әдеби тілдiң грамматикасын қайта қарап, индустриялы қоғам жағдайына іс жүргізуге бейiмдеп қайта құру қажеттiгi республикалық баспасөз бетінде алғаш рет 1991 жылы көтерілді. «Бұдан былайғы уақыттарда қазақ тілінің дамуы туралы ойлағанда басты назарда болуға тиісті бір үлкен мәселе бар. Олқазақ тілінің әдеби тіл және ұлттық әдеби тіл ретінде қалыптасу жағдайы» дей келіп, сол кезде қазіргі дүние жүзiндегi тіл ғылымдары қабылдаған ұстанымдарды бетке ұстай отырып, индустриялы қоғамның ерекшелiктерi ескерiлетiн «ұлттық әдеби тіл туралы тұжырымдама» жасау мәселесi көтерілген болатын [32]. Ал тілтанушылар бұл ұсынысты қабылдамады, жаңа қоғамның тілін дамыту үшін жаңа парадигма қажеттігін түсінбеді. Күйреген Кеңестiң «шинелiнен шыққан» егде зерттеушiлер оған жол бермеді. Ал ғылымның маңайында жүрген қара нөпір ұзақ жылдар бойы ақылды сөйлемейтін, сақалды сөйлейтін, қария – басшыға, жас – қарияға жалтақтап отыратын, ынта жазаланатын мешеу психологиялық атмосферада өмiр сүрiп, қызмет еткендіктен, сыншылдық, ғылыми талқы, пікірталас арқылы ақиқатқа жету дегендердің болатыны ескерілмеді.

Аграрлы қоғамдар тұсында тіл табиғи ағысымен өмір сүре береді, тілді нормалау мемлекеттік деңгейдегі қажеттілік ретінде алға тартылмайды, ол тұста стихиялылыққа жол беріледі және бұл құбылыстар рухани даму үдерісінде үлкен кесірлерге соқтыра қоймайды. Өйткені, дәстүрлі қоғамның даму қарқыны баяу тіршілігі жағдайында шаруашылық ісін жүргізу тіл ережелерінің қатаңдығын талап етпейді. Бұрын өзге елдің қарамағында болып, қазақтардың аграрлы салаларда еңбек етуі, әлеуметтік анклавта өмір сүруі, мемлекеттік тілдің міндетін орыс тілінің атқаруы, қазақ тілінің әдеби нормаларын қайта қарап жетілдіру керектігі қазіргідей өткір алға тартқан жоқ. Сол ыңғайдан шыға алмаған қазақ тілтанушылары әдеби тіл мәселелерін жеріне жете талқылап, әмбебап қолданатын тұжырымдама деңгейіне жеткізе алмады.

Тілдің заңдандырылған әдеби нормаларының қажеттігі ұлттық мемлекеттің пайда болып, ел бойынша тұтас нарықтық қатынастардың орнауымен, өнеркәсіпті дамытумен байланысты туындайды. Қазақ тілінің де қолданылу практикасын жанжақты қамтыған нормалардың қажеттігі тәуелсіз ұлттық индустриялы мемлекеттің пайда болуымен байланысты алға тартылып отыр. Бүкілұлттық нарықтың құрылуынан, қала өнеркәсібінің дамуынан, тауар-ақша қатынастарының өркендеуінен туындап жатқан үдерістер қоғам өмірінің барлық жақтарын қамтыған жазбаша заңдарды қажет еткендіктен іс жүргізілетін тіл ережелерін де қайта қарау, оларды индустриялы қоғамда болып жатқан үдерістерді сипаттай алатындай деңгейге жеткізу мәселесі алға шығуда. Осыған орай терминдер мен ұғымдарды стандарттау қажеттігі ерекше өзекті мәселе ретінде көтерілуде.

* * *

Әдеби тіл дегеннің не екенін білмей тұрып, әдеби тіл мен көркем әдебиет тілінің арасындағы, әдеби және бейәдеби лексиканың арасындағы айырмаларды ажырата алмай, әдеби тілдің қалыптасу заңдылықтары мен тарихи уақытын анықтай алмай, ахрониялық адасып жүрген тілтанушылар тілді дамыту нысаналарын су айырығынан дұрыс көздей алмады. Мемлекеттік тілді мәртебелік қызметін атқаруға жеткізу саяси-әкімшілік амалдармен жүзеге асырылады дегенді ұстанып, әліптің артын бағумен келді. Бәрін билік шешсін деп, қолдарын қусырып қарап отырумен уақыт оздырып алды. Қазір де мемлекеттік тілдің бірде бір мәселесі дұрыс көтеріліп, оңды шешіліп жатқан жоқ. Дүние жүзілік лингвистика ғылымының жетістіктері тұрғысынан қарағанда, қазақ лингвистерінің қылып жүрген қылықтарын нағыз лысенковщина деп бағалауға болады.

Соңғы жылдары ғана А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімдері институты ғылыми-теориялық бағыттағы зерттеулерсіз тіл мәселелері шешілмейтінін мойындай бастаған сияқты. Тілді корпустық саралау бағытында зерттеулер жүргізе бастапты. «Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігін» жасапты (2016 жылы). Бұған қатысты айтылар уәждің біріншісі – осы бағттағы зерттеулер ширек ғасыр бұрын басталуы керек еді. Екіншіден, жиілік сөздікті жасау үшін таңдалып алынған базалық мәтіндерді іріктеуден кеткен шалағайлық көзге ұрып көрініп тұр. Бұл осы сөздікті қолданып контент құрғанда тағы да педагогикалық әдебиеттерде аграрлық мазмұн басым болады деген сөз (оқулықтардағы аграрлық мазмұнның басымдығының тіл үйренуге қажеттілік тудыра алмайтыны туралы 4-тарауда қарастырылады).

* * *

Тіл әр түрлі себептермен дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Солардың бірін Э. Сепир былай сипаттайды. «Тіл өзгеріп отырады,– дейді ол, – тіл өз ағысымен уақыт кеңістігінде қозғалыс жасайды. Тіл ықтап кетеді (дрейфует)» [33: 138, 140].

Қазақ тілі ықтап кеткен, өзінің төл қоғамы қоныс тепкен индустрия жонынан оның қарасы көрінбейді, әлдеқайдағы, қойдың маңырауы ғана естілетін тұйық шатқалда ұйлығып тұр. Қазақ лингвистері ана тілінің «ықтап кеткенін» сезбей, отармен бірге ыққан қойшыдай, өздері жол таба алмаған соң, кінәліні іздеп, өзгенің көзін шұқып, құлағын шулатумен жүр.

Уақыт сынынан өткен канондармен санасуға тура келедi. Олармен санаспайтындар тарих аренасынан ығыстырылып тасталады. Бұл жерде «Мал баққан елміз, тек жатқан елміз,..» ұстанымы жүрмейдi. Тек жатпау керек. Дүниежүзiлiк қауымдастыққа кiрiгу және өмiрлiк қызметтiң барлық жағын, соның iшiнде тiл мен мәдениеттi де қамтыған жаһандану үдерiсiнде өзгелермен бiрге болу керек. Бұл бiздiң маңдайымызға жазылып тасталған. Алматының орталығына ауылды көшіріп әкелуге болмайды. Халықаралық қатынастарда қабылданған әмбебап заңдармен санасуға тура келеді. Өркениетті елдерде жасалған ғылымның жетістіктерін пайдаланбаймыз деп, кеуде керу ақылдылыққа жатпайды. Саясат, құқық, ғылым салаларының бәрінде сыннан өткен әмбебаптықты қабылдағың келсе де – қабылдайсың, келмесе де – қабылдайсың. Өйткені, өркениет көшiнің жолына көлденең тұруға болмайды.

Тіл тағдыры халықтың өз қолында. Билікте пәрмен бар, қаражат бар, бірақ, ғылыми тұжырымдама жасай алмайды. Биліктен қоғамды тілдің мүмкіндіктеріне бейімдеп беруді де талап етуге болмайды. Әрине, бұдан қазақ тілін тарихтың тәлкегіне салып қоя бер деген ұғым шықпайды. Қазақ тілінің қатардан шығып қалуын зар илеп, әрекетсіз күтіп күтіп отыра беру – арға сын. Биліктен мәселені шешудің ғылыми жолын таба алатын интеллектілі күштерді ұйымдастырып, іске қосуды талап ету керек. Сонда ғана бар іс байыбын табады.

Иә, әзiрше қазақ тiлi ағылшын және орыс тiлдерiмен халықаралық аренада бәсекеге түсе алмайды, ал өз отанында барлық жағынан ықпалды болуға мүмкiндiгi бар және оған мiндеттi. Сол мүмкiндiктi қалай өмiр жүзiне асыруға болады? Мінеки, осы жөнiнде салихалы сөз қозғау керек, өткір сынға жол бере отырып, ашық ғылыми пікірталастар ұйымдастыру керек. Рухани өмiрде ғылымның шамасы келмейтiн iс болмайды, шешілмейтiн мәселе болмайды, тек оны шеше алмайтын адамдар болады.

Қазақ тiлi өледi, егер XX ғасырдың басындағы аграрлы қоғам тiлінің грамматикасымен, бұрмаланған қолданыстағы күйін, орыс тілінің формалы аудармасы ретіндегі күйбең тіршілігін жалғастыра берсе.

Қазақ тiлi қайта тiрiледi, егер XXI ғасырдағы идустриялы қоғамның әдеби тілі талаптарына бейiмделе отырып, стандартталған ережелермен, өзiн өзi жетiлдiрсе.

Қазақ тілінің келешегі қазіргі қазақ зиялыларының ана тілімізді әдеби тіл ретінде дамытудың ғылыми жолын таба білуіне тәуелді. Алдымен, индустриялы қоғамдарың әдеби тілдерін дамыту заңдылықтарын ескере отырып, тілді дамытудың ғылыми тұжырымдамасын жасау керек. Әдеби тілдің тұтас теориясын жасау қазақ тілінің даму тарихындағы түбегейлі бетбұрыс болып табылады.

Бiз тек өркениеттi елдерде қабылданған ережелер бойынша ғана олардың арасына кіре аламыз, кiрiгемiз, жаһанданамыз, демократияланамыз. Қоғам тұтастай, соның ішінде рухани сала да – бәрi тек соларда қабылданған ережелер бойынша дамиды. Егер футбол ойнағың келсе, тек УЕФА-ның ережесiмен ойнайсың, «Ордабасының» ережесімен емес. Егер ойнағың келмесе, онда ләңгіңді теуіп, асығыңды ата бер. Жаһанданып отырған қоғамның тiлi, бiз қалай тырыссақ та, жайлаудағы киiз үй мен қыстаудағы қоржын тамның ережесiмен алға баспайды.